Французша қартаюдың 8 құпиясы
Француз әйелдерінің сәні мен салтанаты жарасқан айрықша сұлулығы бүкіл әлемге мәшһүр. Францияға барсаңыз, әдемі қыз-келіншектер ғана емес, елуден асса да, көркі сыр бермеген әйелдер көп екенін байқайсыз. Мұнда әжелер тізеден жоғары белдемшені, өңірі ашық кеудешені еш алаңсыз кие алады. Олар қартаюдан қорықпайды, қанша жаста болса да, өздерін жақсы сезінеді.
Себебі:
Белсенді өмір салтын француз әйелдері өмір бойы ұстанады. Қартайған шақта да
Францияда белсенді демалыс ұлттық мәдениеттің бір бөлігі саналады. Тауға шығу, табиғат аясында қыдыру, теннис ойнау, шаңғы тебу сынды спорттық әрекеттер әр француздың өмір салтында бар. Иә, олар бұған спорт деп емес, демалыс деп қарайды. Сондықтан, әркім құмары қанғанша, қалауына қарай ғана демалады. Кейбіреулер секілді зорыққанша айналысу жоқ, себебі олар ағзаға түскен артық салмақ нәзік әйел табиғатына зиян деп есептейді. Курорт таңдағанда да қыбыр етпей жағажайда жатуды емес, қимыл-қозғалысы мол болатын демалысты таңдайды екен.
Ойын-күлкі – витамин
«Ханымдардың қырықта қылық шығаратыны» туралы әзіл-оспақтар француз әйелдерінің өз жасын жеңіл қабылдауына айтарлықтай көмектеседі. Басқа бір де бір тілде осы тақырыптағы әзілдер саны дәл осы елдегідей көп емес көрінеді. Сөйтіп, 40-50 жастан соң басталатын құштарлықтың екінші деңгейі жайлы әзілдер шындыққа айналады.
Сәнімен тамақтану
Француздардың әдемі тамақтануға деген құштарлығы күшті. Олар үшін ауқаттың мейінше көп емес, мейлінше тартымды көрінгені маңызды екен. Сондықтан, олар үйде бір табақ көжеге тойып алудан гөрі, мейрамханада көздің жауын алатын шөкімдей порциядан ләззат алуды артық санайды. Сондықтан да болар, француз әйелдерінің 40 жастағы салмағы 20 жасынан көп алыстай қоймайды.
Әже – тегін бала күтуші емес!
Иә, солай. Қазақтың әжесі немерелерді бағып-қағу маңдайына жазылғандай қабылдаса, француз әжелері «өмірінің ең қызықты кезеңі басталғанда» бала бағып отырғысы келмейді. (Дегенмен, соңғы кездері біздің де кейбір әжелер «өзің тудың – өзің бақ!» дегісі келетінін әзіл-сықақ әртістері жеткізіп жүр.) Солай, француз әйелдері балалары аяқтанған соң, олардың баласымен алыспай, өзі үшін өмір сүреді екен. Расында, балалар өскен соң жаның рахат табатын іспен айналысуға, күн тәртібіңді қалауыңша реттеуге, саяхаттауға, жаңа білім алуға, т.б. бұрын уақыт таппаған көптеген істермен айналысуға болады емес пе!?
- Мінсіз стиль - өмірлік тәжірибе.
Жасы ұлғайған ханымдар киім-кешектің көп емес, аз да болса сапалы болғанын қалайды. Олар әдетте кашемир, жібек секілді табиғи әрі қымбат маталарды, таза былғары аяқ киімді таңдайды. Қырықтан асқан француз әйелінің гардеробында тым құрыса бір қымбат сөмке болмауы мүмкін емес. Осының бәрі жинақтала келе, туристерді тәнті ететін элегантты стиль үлгісін қалыптастырады.
Әлеуметтен шет қалмау
Көп елдерде қартаң әйелдердің сырттағы ісі азаятыны жасырын емес. Зейнетке шыққан соң тіпті үйкүшікке айналады. Үйдің таусылмайтын күйбең тірлігі, немере-жиеннің қамы, түк болмаса теледидар қараудан аса алмай қалатынымызды мойындайтын шығарсыздар. Ал дәл осы ретте француз әйелдерінде, әсірсе үлкен қалаларында бәрі керісінше. Балалар өскен, тұрмыс бір ізге түскен, өз қызығушылықтары бар, ендеше, неге үйде отырсын. Олар өнер-мәдениет жаңалықтарынан хабардар жүріп, кино-театрдан, көрмелерден қалмайды, құрбылармен кафе-барларда кездеседі, қонаққа барады... Әйтеуір қоғамнан тыс қалмайды. Ал жұртпен жиі араласатын болғандықтан, шаш-тырнақты, теріні, жалпы сырт келбетті күтімде ұстайды.
Қарттық ауру емес – емдеуді қажет етпейді
Сондықтан Францияда косметикалық хирургия мен ботокстан гөрі аппараттық косметология жақсы дамыған. Француздар арасында белгілі жасқа келсе де бетінде бір сызат жоқ әйел әдемі емес, психикалық ауытқуы бар болуы мүмкін деген күдік туады. Жасыңды ризалықпен қабылдау – көптеген жүйке талшықтарын сақтайтынын француз әйелдері біледі.
Секске жастық шектеу жоқ
Секске де, сексуалдылыққа да шектеу жоқ. Қайта, қырықтан асқан әйелдердің тәжірибесі, ішкі гармониясы көптеген мүмкіндіктерге жол ашады деп есептеледі. Бұл бір жағынан жақсы болса, бір жағынан дәл осы жастағылардың ажырасуы да жиі болады екен.
Интернет материалдары негізінде даярлаған Шығыс қызы