Өкініш

Өкініш


Үйге келсем, әйелім кешкі астың қамымен жүр екен. Оның қолын алып, «Екеуміз сөйлесуіміз керек» дедім. Отырды. Көздері мұңлы еді. Ойымдағыны айтуға асықсам да, бір сәт абдырап қалдым. Бірақ, айтпасыма болмайтын еді.

- Ажырасайық... - сабырмен сөзімді бастадым. Ол менің айтқаныма еш ашуланбаған сияқты, қайта жұмсақ үнмен «Неге?» деп сұрады. Ренжігеніне қарамастан, бұл сұрағын жауапсыз қалдырдым.

Бұл кезде жүрегім Жаннаға тәуелді болатын. Әйеліме деген сезімім қалмаған. Бар болғаны оған жаным ашитын. Келесі күні үйге кеш қарайған соң келдім, ол үстел басында бірдеңе жазып отыр екен. Кешкі ас ішпедім, орныма жатып, тез ұйықтап кеттім, Жаннамен өткен қызыққа толы күн әбден сілемді қатырған екен. Таңертең әйелім ажырасуға келісетінін айтты, бірақ бір айдан соң болсын деді. Соңғы бір айды барынша нағыз отбасы сияқты өткізуге күш салайықшы деді. Бұл өтінішінің себебі де қарапайым екен, бір айдан соң баламыз емтихан тапсыратын, біздің ажырасуымыз оның дайындығына әсерін тигізгенін қаламайды екен. Бұған келістім. Тағы бір өтініші болды: отау құрған алғашқы күндерімізді, үйленген күні бөлмеге көтеріп кіргізгенімді есіме түсіруімді сұрады. Бір ай бойы оны жатын бөлмемізден сыртқы есікке дейін көтеріп апаруымды өтінді. Есі ауысқан шығар деп ойладым. Отбасылық өмірімнің соңғы соңғы күндері ың-шыңсыз аяқталғанын қалап, біртүрлі өтінішіне келістім.

Әйелім екеумізде төсек жақындастығы болмайтын, бұл да менің ажырасу туралы шешімімнің нақты екенін көрсететін. Сондықтан, бірінші күні оны қолыма көтеріп бара жатқаным күлкілі көрінді. Ұлымыз ішек-сілесі қатып, «Әкем анамды көтеріп алыпты» деп мәз болды. Оның сөзі жанды жеріме тиіп кетті. Жатын бөлмеден қонақ бөлмеге, сосын шығар есікке дейін он метрдей оны көтеріп келе жаттым. Ол көзін жұмып, жай ғана:

- Ұлымызға ажырасатынымызды айтпа, - деді. Аздап көңілім босап, басымды изей бердім.

Есіктің алдында түсірдім, ол автобус аялдамасына кетті. Мен кеңсеге тарттым. Бірнеше күнде оны көтеруім қалыпты көрінетін болды. Таңертең ұлым келіп, «анамды көтеріп шығатын уақыт болды» деп тұратын. Ол үшін әкесі анасын көтеретін сәт өмірінің ең маңызды бөлігіне айналды. Бірде балам кетпей, қарап тұрды. Анасы ұлын шақырып, құшағына алды. Мен ойымнан айнып қалмайын деп, теріс айналдым. Сосын оны көтеріп, алып шықтым. Ол мойнымнан аялай құшақтап келе жатты. Мен оның денесін қапсыра құшақтадым, тура үйленген күніміздегідей. Бірақ салмағы әлдеқайда жеңілдеп кеткені аздап мұңайтты. Соңғы күні оны қолымнан түсіргім келмеді. Ұлымыз мектепке кетті. Ал мен оны әлі көтеріп тұрған күйі, «біздің қарым-қатынасымызда бар болғаны жақындық жетіспегенін байқамаппын» дедім. Сосын жұмысқа асыға жеттім. Көлігімнен қарғып түсіп, есікті де жаппастан кеңсеге жүгірдім. Кез-келген кідіру ойымнан айныта ма деп қорықтым. Есікті жұлқа аштым, айқай салдым ба, білмеймін:

 - Кешір, Жанна, менің ажырасқым келмейді!

Жанна селк ете түсті. Жетіп келіп, бетімнен шапалақпен тартып жіберді де, есікті тарс жапты. Еңіреп жылаған дауысын естідім. Төменге түсіп, қайтып кеттім. Жолдағы гүл дүкенінен әйелім үшін гүл шоғына тапсырыс бердім. Сатушы әйел күлімдеп, «не деп жазайын?» деп сұрады.  

- «Бізді өлім ажыратқанша сені күнделікті көтеріп шығарамын!!!»

Кешкісін гүлімді алып, көңілім алып-ұшып үйге келдім. Қуанышымды жасыра алмай, баспалдақпен жүгіре көтерілдім. Әйелім төсегімізде жатыр екен. Денесі суып кетіпті... Ол айлар бойы ракпен күресіпті. Ал менің Жаннадан басқаға мойын бұруға мұршам болмағандықтан, ештеңені байқамағанмын. Ол дәм-тұзы таусылғанын сезіп, ұлымның алдында менің абыройымды құлдыратпаудың қамын жасаған екен. Осы кезде ажырасып кетсем, ұлым мені кешірер ме еді? Енді оның көзінде мен жақсы жармын...

Отбасылық қарым-қатынаста ұсақ-түйектің мәні зор. Қымбат көлік те, үлкен үй де, банктегі ақша да соншалықты маңызды емес. Сондықтан, құдай қосқан қосағыңыз үшін уақыт табыңыз, рухани жақындыққа қол жеткізіп, отбасын берік ететін сол. Отбасылық өміріңіз шын мәнінде бақытты болсын!

Аударған Шығыс қызы


Теги:

ШЫҒЫС ҚЫЗЫ   АУДАРМА   ӨКІНІШ   ОТБАСЫ БАҚЫТЫ   ЖҰБАЙЛАР ЖАРАСЫМЫ   ҚАРЫМ-ҚАТЫНАС  





Поделиться:


Популярные блоги