Дүниеге баланың келуі - әр отбасының ең маңызды да бақытты сәттерінің бірі. Алайда, бұндай бақытты сәттерде кейбір ерлі-зайыптылардың қарым-қатынасы бұзылуы мүмкін. Отбасы психологы Жанна Алишева Pandaland редакциясымен бұл жағдайда махаббат сезімін қалай сақтап қалу керек екендігі әдістерімен бөлісті.
Отбасылық гармонияны тек балаға байлап қою үлкен қателік. Бала бақытты болса, отбасы да бақытты деген ұғым көп отбасында проблемаға әкеліп соғады. Бұл өмірде әрбір жанның өз орны бар. Ешкім ешкімнің орнын баса алмайды. Әке ананың орнына ана бола алмайды, бала – әкесіне әке бола алмайды.
Тап сол сияқты, бала ешқашан ер мен әйелге олардың бір-бірінің өмерендегі рөлін/орнын баса алмайды. Жаңа үйленген жұптар балаларын алдыңғы орынға қойып, өздеріне көңіл бөлмей қалады. Әсіресе жас аналарды балаға деген үрейлік, қорқыныш, жауапкершілік билеп алады. Соның кесірінен ерлі-зайыптылар қарым-қатынастарының сууына әкеліп соғады.
Біріншіден психолог әйелдерге өздеріне назар аударып, көңіл бөлуге кеңес берді. Баланы қалай жақсы көрсе, әйел адам өзін тап солай жақсы көруі маңызды. Үйде жүргенде де әдемі киініп, хош иістеніп жүру - өз-өзіне деген махаббаттың белгісі. Жарыңыздың сізді көрген кезде созылып кеткен халатпен және үстінен май аңқыған әйелді көруіне жол бермеу қажет.
«Әр ісіңізден ләззат алып, бәрін керемет энергиямен жасауға тырысыңыз. Тамақ пісірген сәтте де, пісірсем болды деп емес, махаббатпен жасаңыз. Себебі, үйде әр жасаған ісіңіз сізге энергия береді. Ал энергияңыздың оң немесе теріс болуы сізге байланысты», – дейді психолог.
Оның айтуы бойынша, әйел адам бар ойын балаға байламай, өзі сүйіп айналысатын хоббиді тауып, айналысқан дұрыс. Мысалы, іс тігу, тәттілер пісіру, мүмкін әлеуметтік желілердің хас маманы болар. Хоббиіңіз сіздің табыс көзіне айналса, тіпті жақсы.
Ал ерлі-зайыптылардың өзара қатынасына келетін болсақ, жас жұбайлар үнемі бір-бірлерімен ашық болуы тиіс. Яғни, ортақ тақырыпта әңгімелесудің көмегімен, жұптар одан әрі жақындасады.
«Ара-қатынасты нығайту үшін демалыс күндері ерекше кездесу кешін ұйымдастыруды әдетке айналдырыңыз. Баланы ата-әжесіне апарып, романтикаға толы әдемі кешке бір саяхаттап келіңіздер» – деді психолог.
Онымен қоса психолог кездесуге қайда баратындарыңызды шеше алмаған жағдайда, бұл мәселені ойынмен шешуге болатынын ұсынады. Мысалы, қағазға өздеріңіз қалайтын кездесу орындарын жазып алып, қағаздарды бүктеп, кездейсоқ таңдау арқылы шешім табуға болады. Ал егер баланы қарай тұратын ата-әжеміз жоқ десеңіздер, ондай атмосфераны үйде де жасауға мүмкіндіктер көп. Ең бастысы - фантазияңызға ерік берсеңіз болғаны!