Грудное Вскармливание

Коронавирустық пандемия кезіндегі ана сүтінің пайдасы

Коронавирустық пандемия кезіндегі ана сүтінің пайдасы
Коронавирустық пандемия кезіндегі ана сүтінің пайдасы
10.08.2020, 08:04
Изменено: 16.04.2024, 07:57

Ана сүтімен емізу нәрестенің оңтайлы тамақтануын, қалыпты өсуін, денсаулығы мен дамуын қамтамасыз ете отырып, емізетін ананың өзінің де денсаулығына қолайлы әсер етеді. Ана сүтімен емізу көптеген кең таралған аурулардан сақтандырады, нәрестенің сыртқы орта факторларына бейімделуіне септігін тигізеді, сәбилер мен балалардың өлім-жітімін азайтуға ықпал етеді.

 

Қазіргі таңда ковидтен әлемдік пандемия жайлаған кезде ковидке оң жауап берген аналардың өзін нәрестесінен оқшауламай, ана сүтімен емізуді жалғастыруға Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы да кеңес береді. Осы тұрғыда ана сүтімен емізудің маңыздылығына және ананың сүтін танымал деген сүт қоспалары еш алмастыра алмайтынына тоқталғым келеді. Өйткені, әр ананың сүті өз баласының қоректік заттектер мен энергияға қажеттілігін жан-жақты толық дерлік қанағаттандыратын, емізу барысынан бастап, сәбиінің өсу барысында, тіпті бір омырауын (алдыңғы сүті, артқы сүті) емізген кезде де құрамы өзгеріп отыратын Жаратқам Иемнің «ерекше сыйы» деп білемін. Жаңа туған нәресте үшін анасының тері микрофлорасы қалыпты болып саналады. Сондықтан да босанған сәттен бастап алғашқы аптада ана мен нәрестесінің арасында терімен-тері жанасуын қамтамасыз етудің маңызы зор. Емізу сәтінде сәбиін жылытып, оның денесінің қалыпты температурасын қалыптастыруға ықпал етеді. Ал сүттің құрамына келсем, босанғаннан кейін алғашқы күндері уыз бөлінеді, ол шамамен 3-5 күндері өтпелі сүтке ауысады, орта есеппен 14 күннен бастап жетілген сүт бөлінеді. Олардың құрамында антибактериялдық, жұқпаларға қарсы, иммундық, жасушалық, ферменттік және басқа қорғаныс факторларының үлкен кешені бар. Уызда және жетілген сүттің құрамында еритін А иммуноглобулинінің мөлшері жоғары, нәрестені алғаш емізгенде оның асқазан-ішек жолдарының бетін ақшыл түсті, қорғаныс жабындысымен жабады, нәтижесінде ішектен қанға түрлі бөгде зиянды заттектердің өтуіне кедергі жасайды.

Коронавирустық пандемия кезіндегі ана сүтінің пайдасы

Жаңа туған нәресте уызды емгенде оның алғашқы иммунизация үрдісі іске асады. Нәресте ішегін қалыпты микрофлорамен қоныстандыруда ана сүтіндегі олигосахаридтердің, бифидумбактериялар мен лактобактериялардың, бифидус фактордың маңызы зор. Сонымен қатар ана сүтіндегі түрлі микробтарға қарсы механизмі құрамындағы лактоферрин, лизоцим, А дәрумені сияқты заттектер мөлшерінің  жоғары болуымен түсіндіріледі. Ал осындай құрамды жасанды түрде жасау мүмкін бе, соны ойлап көріңізші.

Ана сүтімен емізудің тікелей иммунитетті дамытуға, нығайтуға қатысты маңыздылығына тоқталып өттім, ал оның басқа да теңдесі жоқ қасиеттері туралы тоқтаусыз тізіп айта беруге болады. Қазақта әлжуаз, ашушаң келген адамдарды қысқаша «уызына жарымаған екен» деп сипаттайды, өкінішке орай, осы сөздің терең астарлы екеніне екінің бірі мән бере бермейді.

Коронавирустық пандемия кезіндегі ана сүтінің пайдасы

Емізетін ананың тамағы құнарлы, қауіпсіз болуы керек. Емізу барысында ананың тамағына мынаны жеуге болады немесе жеуге болмайды деп, үзілді-кесілді шек қоюға болмайды. Рационда азық-түліктің барлық түрі: еттің барлық түрлері, сүт өнімдері, балық, жұмыртқа, ірі тартылған астық өнімдері, көкөністер мен жемістер болғаны дұрыс. Осы тағамдар арқылы ағзаға нәруыз, май, көмірсу, дәрумендер мен минералдық заттектер түседі. Асшеберлік өңдеуде қуырудан гөрі, пісіруге, бұқтыруға, тандырда (духовка) дайындауға көбірек жүгінгеніңіз дұрыс. Сүтті өндіруге де қуат керек (шамамен 700 ккал), сондықтан тәуліктік рационды 500 ккал арттырған жөн. Қандай да бір жаңа өнімді рационға қосатын болсаңыз, өте аз мөлшерде қабылдай отырып, сәбиіңіздің рекциясын қадағалаңыз. Аллергиялық реакцияны шақыратын өнімдерге әуестене бермеңіз. Сіздің қабылдаған тағамның құрамбөліктері сүтке өтіп, балаға да беріліп отырады.  

Сүттің көп бөлінуіне тағамның түрі мен ішілетін сұйықтықтың мөлшерінің еш қатысы жоқ, лактация үрдісі ағзада орталық жүйке жүйесімен, гормондардың бөлінуімен реттеліп отырады. Сүттің бөлінуіне тікелей әсер ететін жағдай, ол жиі-жиі баланы емізе беру керек, яғни бала сұраған сайын емізгенде сүт көбірек бөлінеді. «Жыламаған балаға емшек жоқ» дегендей, емізу аралығы ұзарған сайын, сүттің бөлінуі де азаяды, сонымен қатар түнгі емізуді тоқтатпаған абзал. Емізу барысында гормондардың бөлінуіне кедергі жасайтын жағдайлар болуы мүмкін. Күйзеліске қарсы, тыныштандыратын әсері бар түрлі фитошәйлерді қолдануға болады.

Коронавирустық пандемия кезіндегі ана сүтінің пайдасы

Сүт безінің анатомиялық дамуындағы ақауларға байланысты ана сүтімен емізе алмайтын жағдайлар кездеседі, алайда оның кездесу пайызы өте мардымсыз. Ал, «менің сүтім жоқ» деген анада сүттің болу да екіталай. Өйткені, ол ана өзіне сондай бағдарлама жасап отыр. Керісінше, емізе алатынына сенімі нық болған сайын, лактацияның толыққанды жүруіне мүмкіндік көбейеді. Тағы бір айтатын жайт, емізетін ананың қасындағы жақындарының қолдауы өте маңызды. Қасындағы анасы не енесі, не басқалары «сенің сүтің құнарсыз, бала сүтке жарымайды, - деген айыптаулардың теріс әсерінен жасанды сүт қоспалары мен бөтелкемен емізуге ауысып кететін жағдайлар қаншама.

Емізудің алғашқы күндері, әсіресе  сүт «келген» уақытта жаңа туған нәресте сүтті толық игере алмағанда және ана мен нәрестенің денсаулық жағдайларына байланысты оларды бөліп тастағанда, лактацияны қалыптастыруды жалғастыра алуы үшін омырауды  саууды жасап тұру қажет. Әрине, бұл тұрғыда ең тиімді тәсіл – қолмен сауу. Оған ешқандай қаражат бөлмейсіз, сүт сауу аппараттарын сатып алу міндетті емес. Сауу техникасын игеруге медициналық қызметкер немесе емізуден тәжірибесі бар аналар көмектесе алады. Уақыт өте, нәресте өз қажеттілігін толық өтей алатындай сүт бөліне бастағанда, омырауды сауудың қажеттілігі де азаяды.

Коронавирустық пандемия кезіндегі ана сүтінің пайдасы

Медициналық көрсетімдерге байланысты сауылған сүтті нәрестеге қоректендірудің басқа балама әдістерімен (шприц, мензурка, қасық арқылы) берген жөн. Өйткені, екі жақтың да денсаулығы жақсарғаннан кейін лактацияны қайтадан жандандыруға болады. Сонымен қатар жұбату мақсатында босемізікті қолдануға, бөтелкемен емізуге қарсылық білдіремін.  Бөтелкемен емген бала, омырауды емуден бас тартады, өйткені бөтелкемен ему оңайырақ. Омырауды емгенде нәрестенің өзі пысылдап, терлеп-тебшіп еңбек етеді. Осы сәттегі ана мен бала арасындағы психикалық-эмоционалдық жағдайға, раххаттану сезіміне ештеңе жетпейді.

«Қызым саған айтамын, келінім сен тыңда», - деп жас аналарға айтар кеңесім, сәбиіңізді барынша ұзағырақ емізіңіз (2 жасқа дейін, тіпті одан ұзақ), 6 айға дейін қосымша ешқандай сұйықтықты (соның ішінде суды да), қоректік өнімдерді бермеңіз. 6 айдан бастап қосымша тамақ беруді бастаңыз.

Орыс тілінде мақаланың силтемесі

 

 

Автор: Чуенбекова Ардақ Байбараққызы, медицина ғылымдарының кандидаты, С.Ж.Асфендияров атындағы Ұлттық медицина университетінің доценті, көпбалалы ана.

Фото: rawpixel.com  pexels.com 

 

Популярные статьи и новости

Menu
×