Байсың ба, кедейсің бе?


Байсың ба, кедейсің бе?


Жарлылық – өмір мектебі. Ол мектептің қабырғасынан шыққан болсаң, кедейлерше ойлаудың не екенін білесің. Кедейлік бай болуға жетелейді. Байлық «кедейлік санамен» өмір сүрмеуге үйретуі тиіс. Ақшадан қысылып өмір сүрген кезде қалыптасқан әдеттер ешқашан санадан өшпейді екен. Байып кетсең де. Төмендегі мысалдарға қарап, байларша  ойлайсың ба, жоқ кедейлерше ойлайсың ба, соны анықтауға болады. Кедейлік сананың бар екенін байқасаң, оған қарсы әрекет ету керек. Ой – әрекеттің, әрекет – сәттіліктің кепілі емес пе? Жастайынан жоқшылықтың дәмін татып, орта жасқа  жеткенде миллионерге айналған америкалық бизнесмен кедей адамның санасына сіңіп қалатын ойлар болатынын айтады. Стив Джобстың осы пікірін аударып, ұсынуды жөн көрдім: 

  • Арзан азық-түлік.

Кедейлерше ойлайтын адам азық-түлік таңдауда екі-ақ нәрсеге сүйенеді:

  • бағасы;
  • Жарамдылық мерзімі.

Біріншісі барынша төмен, екіншісі барынша ұзақ болуы керек.

Сапасы? Дәмі? Өндіруші? Ол жағын тамақ талғап жейтін азық-түлікті фирмалық дүкендерден алатын гурмандарға қалдырыңыз.

Азық-түлік аптасына бір мәрте немесе одан да сирек алынады. Оның көбі темір қалбырдағы өнімдер. Балауса жеміс-жидек, көкөніс деген атасының құнын сұрайды емес пе. Ет пе? Мейлінше арзаны.

Бірақ адам үйреніп кетеді. Үйреніп кететінің соншалықты, қалбырдағы тамақ емес, балаусасын алатын мүмкіндік болған кезде, алма мен қызанақтың дәмі «біртүрлі» болып көрінеді. «Президент» ірімшігі және француз круассанымен таңғы ас ішуге әдеттенсең де, кейде «Роллтон» сорпасы мен қағаз-соядан пісірілген шұжық дәмін сағынып тұрасың.


  • «Артық ақша»

Кедей адамның әмиянында  ірі соманың болуы – айрықша жағдай. Сыйақы, қаламақы, жалданып тапқан ақша – не болса да, қалтаны қыздырып тұрған қызылдың көзін дереу құрту керек. Тез арада! Бұл кедейлік вирусты қалыптастырған рефлекс.

 Кейінге қалдыру, тиынды-тиынға қосудың реті келмейді. Кедейлік сана бір күнмен өмір сүргізеді. Адам бәрін тастап, базарға барып, келесі айдың пәтерақысын ойлап әуре болмастан, бір тиын қалдырмай жаратып тастайды.

«Артық» ақшаны аз уақыт ішінде жоқ қылу әдеті өте күшті. «Жұмысшы Пәленшеевтің лотореядан миллион ұтып алып, бір аптада ол соманың басына су құйғаны» туралы мысалды мыңдап келтіруге болады.

Парадокс: ақшаға мұқтаж адам оны үнемдемейді, керісінше, дәулетті кісі мөлшерлеп ұстайды.

Адам тұрақты түрде жоғары табыс таба бастаған кезде, ақшаны ақылмен жұмсауды үйренуіне тура келеді. «Артық» ақша болмайтынын, әрдайым қорың болғаны дұрыс екенін түсінуі керек. Сонда күтпеген шығындар тығырыққа тіремейді (Мысалы, тіс ауырады, көлік бұзылып қалады).

  • Сыйлықтар.

Қалтаң тесік кезде біреуге сыйлық жасау туралы ойлауға да мұршаң  жоқ. Таусылмайтын туған күн, сегізінші наурыз сынды мерекелерден әупірімдеп құтыласың. Ересек адамдар жағдайды түсінеді, ешкім ренжіп жатпайды.

Ал балалар... «Міне, саған жап-жаңа бәтеңке! Туған күніңе сыйлық!» Табысы нашарлау отбасында өскен болсаңыз, бұл сізге таныс жағдай. Дәл сол сәтте жарты жылдан соң сыйлық болмайтынына бала өкпелей қоймайды, бастысы жаңа бәтеңке! Әдетте балалар үйдегі қаржы тапшылығын  түсінеді, сондықтан «әпер де әпердің» астына алмайды. Алайда ересектер бәрібір өзін кінәлі сезінеді. Бұл сезім біржола орнығады.

Сондықтан, отбасы қиындықтан шыққан соң, балаларға базарлықты үйіп-төгеді. Дүкенге барған сайын құр шықпайды: «Қанша уақыттан бері баламды қуантатын мүмкіндігім болмады ғой...»

Мәжбүрлі үнемдеудің орнын толтыруға тырысу әдеті бала күнінде көп нәрсеге қолы жетпеген ата-анада да болады. «Өзіміз мұндайды көрмедік, тым құрығанда балаларым көрсін»...


  • Есеп-қисап.

Ақшаңды  қайта-қайта санай бересің. Себеттегі азық-түліктің бағасын ойша есептеп шығарып қоясың. Міндетті түрде чекті тексересің. ЖКХ тарифтарының бәрін жатқа білесің, оларды есептеуді шемішкеше шағасың.

Ақшаны «қысып» ұстамауға болатын уақытқа жеткен кезде де бұл әдеттерден құтылу  қиын. «Төлемге ақшам жетпей қалмай ма?» деген қорқыныш  таршылықта өскендердің соңынан қалмайды. Талайға дейін.

Күнін әрең көріп жүрген кісі дәл қазір ең керекті нәрсені ғана сатып алады. Мысал. Жаз, қысқы күртелер жаппай сатылымда. Бағасы өте арзан. Тәп-тәуір, сапалы киім. Кедейлерше ойлайтын адам оны ешқашан сатып алмайды, тіпті «артық» ақшасы болып тұрса да. Алдымен қысқа жетіп алайық дейді. Ағалары мен әпкелерінің киімінде өскендер,жаңа шалбар қалаған кезіңде емес, бұтыңдағы түсіп қалған кезде алынатынын біледі. Бұл әдет те көпке дейін санадан шықпайды. «Өз аяқ киімім де жаман емес. Жөндеп алып, әлі киюге болады».

Тағы да парадокс: кедейлік әдеті қалыптасқан адам ақшаны жаратудан ләззат алмайды. Ақша бар, алайда өзіне "шашуға" қимайды.


Кедейлік ойлау қалыбын жасайды. Оны өзгерту үшін, әдеттеріңді өзгерту керек. Кейбір дағдыларыңды өзгертсең, яғни, кедейлік санаға қарсы жұмыс істесең, көп ұзамай жолы болғыш, әрі өзіне сенімді жанға айналғаныңды байқайсың. Адамның ең үлкен жауы да, досы да - өзі... Ал өзгеріс ойдан басталады...


Теги:

ШЫҒЫС ҚЫЗЫ   БАЙСЫҢ БА КЕДЕЙСІҢ БЕ   ӨЗГЕРІС ОЙДАН БАСТАЛАДЫ   БАЙЛАРША ОЙЛАУ   КЕДЕЙЛЕРШЕ ОЙЛАУ  



Bukvus

Поделиться:


Популярные блоги




Шығыс қызы
Шығыс қызы

Всего постов — 8



446
+0