Мен тауар емеспін! Мені ұруға ешкімнің құқығы жоқ! Мен тауар емеспін! Мені ұруға ешкімнің құқығы жоқ!
9 минут - 29.04.2020, 22:15
Мен тауар емеспін! Мені ұруға ешкімнің құқығы жоқ!

Мен тауар емеспін! Мені ұруға ешкімнің құқығы жоқ!

9 минут - 29.04.2020, 22:15

Қыз болып туғаны үшін қанша ма әйел өзін кінәлайды. Қыз туа бергені үшін қанша ма әйел таяқ жейді. Қорғансыз болғандықтан мыңдаған әйел тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болады. Ажырасуға болмайды, себебі ұят! Себебі - әйел кінәлі!

Болашақ ұрпақты дүниеге әкелетін және тәрбиелейтін әйелдердің құқықтары күнде бұзылып жатса, еліміз дамыған 30 елдің қатарына кіреміз деп барынша тырысып жатқанынан не пайда? БҰҰ 2019 жылы берген есебінде әлемде жылына 50.000 әйелдер мен қыздар тұрмыстық зорлықтан көз жұмады, соның 400 әйел заты біздің елімізге тиесілі. Биыл бұл көрсеткіш карантиннен кейін көбеюі мүмкін деген қауіп бар.

Жалпы айтқанда Қазақстанда әйелді зорлық-зомбылықтан, ұрып-соғудан қорғайтын заң жоқ. 2020 жылдан бастап елімізде үйде ұрып-соғу және денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру үшін айыппұл бұдан былай қарастырылмайтын болды. Бұл ереже Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстен алынып тасталды. Жаңартылған кодекске сәйкес, егер қылмыскер мен жәбірленуші отбасылық-тұрмыстық қатынастарда болса, құқық бұзушыға ескерту немесе 10-15 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алу қаупі төнетін болады. Бұдан алдын әйеліне не бірге тұратын адамын ұрып-соққан жағдайда айыппұл төлеп, жазадан құтылатын еді.

Бұл тақырыпты неге қозғап жатыр деп ойлап жатқан боларсыздар, мен қазіргі таңда магистратурада білім алып жатырмын. Диссертациямның тақырыбын әдейі «Әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғаудағы мемлекеттік саясат» деп алдым. Себебі – мен сол тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбанымын.

Мен тауар емеспін! Мені ұруға ешкімнің құқығы жоқ!

Енді өз оқиғаммен бөлісейін. Күйеуіммен ұзақ таныс болдым, сүйіп қосылдым. Бәрі болды, достарының алдында маған ұсыныс жасады, ұзату да, екінші той да мен қалағандай атап өтілді, бақытты едік. Аяғым ауыр болғаннан кейін бәрі өзгерді. Менің денсаулығымда кінәрат болғандықтан, дәрігерлер әу бастан «Ешқашан тууға болмайды» деген вердикт жасап қойған. Соған қарамастан, баланы дүниеге әкелуге бел будым. Қанша дәрігерлерден сөз естідім, анамды сары уайымға салдым. Дәрігердің қарауында жиі болатынмын, баланы босанғанға дейін 5 рет ауруханада жаттым. Мүмкін содан болар, білмедім күйеуім өзгерді. Бала аман-есен туылды, қуанышым көпке созылмады. Қызым өте мазасыз болғандықтан, не күндіз не түнде ұйықтамайтын. Ал күйеуім болса үйге келу уақытын ұзарта берді. Әрбір әйелде бала туғаннан кейін «послеродовая депрессияның» болатынын білеміз. Біздің еркектер үшін бұл термин жоқ, «әйелдер мұны ойлап тауып алған» деген ойда жүреді. Үйде ұрыс көбейді, күйеуім алшақтай бастады. Кінә менен де бар, оны мойындаймын, бірақ...Ол ашуланғанда маған қол көтеріп бастады. Яғни басында сілкейтін, сосын итеріп, диванға лақтыратынды шығарды. Одан кейін қолдарымды қысып, көгертетін болды. Ең соңғысы қылқындырды және бұл бірнеше рет қайталана берді.

Себебі біз әйелдер кешірім сұрап, басын салбыратып келген күйеуімізді баламыз үшін, болашағымыз үшін кешіре саламыз. Өзгеретін шығар деген өтірік үміт ешқашан кетпейді. Соның арқасында 20-30 жыл бойы таяқ жеп, жылап өмірімізді өткіземіз.

Біздің қоғамда ажырасса да, күйеуі өлсе де, ұрыс болса да – әйел кінәлі. Жақсы әйел – үйдің ұйытқысы деп мақал шығарып қойғанбыз. Үйдегі кризис тек әйелдің кінәсі. Әйел бізде – зат! Ол демалмайды, оған ақша керек емес, оның міндеті – бала туып, үйде отыру ғана! Сол үшін осы дүниеге келеді және одан кетеді!» деді маған енді бұрынғы күйеуім.

Бес рет қылқындырғаннан соң мен Жедел жәрдеммен ауруханаға бардым. Алдын мұндай жағдай болса да, жылап қана қоятынмын. Басым ауырғаннан амалым жоқ барған едім. Ол жерде «аурудың себебі деп сұрағанда күйеуімнің қылқындырғанын, басымды ұрғанын айттым». Дәрігер бірден полицияға хабарласты. Ауруханада дәрілер алып, түнгі 4 үйге жалғыз үйге қайттым. 4 айлық қызыммен, күйеуім тәтті ұйқыда жатты. Ертесіне полиция қызметкерлері келіп, екеумізді бөлімшеге алып кетті. Қанша дегенмен күйеуіңе арыз жазуға арың жібермейді екен. Бірақ оның сол бөлімшеде менің үстімнен күліп отырғанына шыдай алмадым. Себебі менің басқа баратын жерімнің жоғын ол жақсы білді, және материалдық тұрғыдан мен оған тәуелді едім.

Менің бағыма орай екі полиция қызметкері де мені сол жерде қорғады. Күйеуіме оның қандай жазаға тартылатынын және үйден кетуін бұйырды. Егер кетпеген жағдайда күшпен шығарамыз деді. Білесіздер ме менде сол кезде жүрегімде қандай қуаныш болды? Мені мемлекет қорғайды екен деген сенім пайда болды! Сол оқиғадан кейін күйеуім екінші қол көтермеді, бірақ мені ұрмаса да есіктерді ұрып-тебетінді шығарды. Ондай дауыстардан кішкентай қызым қорқып жылайтын еді.

Бұлай жалғаса берсе қызым екеуміздің өмірімізге қауіп төнетінін және мен психикалық ауруханадан шығатынымды түсіндім. Ол тек физикалық емес, сөзбен де мені қинайтын еді. Соңында ажырастым. Баратын жерім болмады, ақшам жоқ. Қорықтым, болашағым бұлыңғыр болды. Бірақ мен өкінбедім. Анамды шақырттым, қызыма қарайтын адам табылғаннан соң магистратураға грантқа түстім. Қазіргі таңда өте жақсы оқып, жоғары шәкіртақыны аламын. Одан бөлек ИП аштым, мемлекет тарапынан грант иегері атандым. Ал осыдан бірнеше күн бұрын Конрад Аденауэр атындағы стипендиясын жеңіп алғанымды білдім. Бұл стипендия Қазақстан бойынша 400 адамнан тек 15-20 үміткер іріктеліп алынады және мен солардың қатарындамын. Бұл мақтанғаным емес, егер мені ажырасқан арулар оқыса айтқым келгені, «әйел қаласа – еркектен де озады!». Бәрі өзіміздің қолымызда, жетістіктерге біздің баламыз да, ажырасқан деген статусымыз да, ата-ана, тіпті мемлекет те кедергі бола алмайды, бұл сөздерді өзімнің басымнан өткеннен кейін айтып отырмын.

Қорыта келе, бұл тақырыптың өте өзекті әрі ауқымды екенін білемін. Болашақта осы тақырыпты алдыңғы шепке көтеретіндердің бірі мен боламын. Менің елімде – әйел ең қадірлі адам болуға тиіс! Әйел тауар емес!

 

Иллюстрациялар: unsplash.com


Menu
×