Бауырсақты жоғары немесе бірінші сортты бидай ұнынан пісіреді. Оны қамырды ашытып та ашытпай да дайындауға болады. Ашытпай пісірілген бауырсақ көпке шыдайды, ал ашытып пісірілген бауырсақ кеуіп қалса, жеуге жайсыз болады. Ашымаған бауырсақ пісіру үшін ұнға май, жұмыртқа, сүт, тұз салып илейді (айран құйсада болады). Қамырды иін қандыра қатты илеп қояды. Содан кейін қамырды жайып, төрт бұрыштап кесіп немесе жіңішкелеу етіп есіп алып, содан кейін кессе де болады. Кеуіп кетпеу үшін кесіп дайындаған бауырсақтың бетін жауып қояды. Қазанға май құйып əбден қыздырып алған соң бауырсақ майдың мөлшеріне қарай салынады. Бауырсақты үнемі араластырып тұрса, бір келкі болып піседі. От қатты жанса, бауырсақтың іші шикі болады немесе күйіп кетеді. Сол үшін отты баяулатып пісіру керек. Қызыл-күрең болып піскен бауырсақ сəнді де дəмді болады.

Ашытқан қамырдан бауырсақ пісіру үшін: 5-6 стақан бидай ұны, 1 ас қасық ашытқы, 2 ас қасық қант, 1 шай қасық тұз, 0,5-1 стақан сұйық май, 1 стақан сүт немесе су (жылы болу керек), 2 жұмыртқа керек. Ең алдымен жылы су немесе сүтке ашытқымен қантты салып жылы жерге қояды.

Ашытқы көпіршіктеніп ашыған кезде тұз, май, жұмыртқа, ұн салып өте жұмсақ етіп иін қандыра илейді (ұнды мөлшерлеп қосыңыз). Жұмсақ иленген бауырсақ жақсы қабарып, жұмсақ болып піседі. Иленген қамырдың бетін жауып жылы жерге қояды, шамамен жарты не бір сағатқа. Ашыған қамырды есіп, жұқалап жаяды да, біркелкі етіп кеседі (төрт бұрыш, домалақ т.б), тақтайға немесе табаққа бір-бірлеп тізіп 10-15 минут қойып, көтерілгеннен кейін пісіреді. Осылай пісірсе іші шикі болмайды. Бауырсақты қалыңдығы 2 см етіп жайып, қызып тұрған майға пісіреді.

Популярные статьи и новости

×