'Көңілдес' деген кім? "Көңілдес" деген кім?
7 минут - 19.02.2016, 09:09
'Көңілдес' деген кім?

"Көңілдес" деген кім?

7 минут - 19.02.2016, 09:09

Неке – киелі. Бұл ұғым барлық елде, барлық уақытта болған. Ер мен әйелдің тағдырын тоғыстырып, бір бүтінге айналу рәсімінен кейін екеуінің жаны бір-біріне жіпсіз байланады. Ары қарай екеуінің болашағы, дүниетанымы, рухани-материалды жағдайы, тіпті денсаулықтарына дейін бір-бірінің әсеріне байланысты өзгеріп отырады.  Мысалы, үнемі өзіне көңілі толмайтын, іштей мүжіліп жүретін әйелдің қосағын бақытты қылуы  екіталай. Сондай-ақ, бала күнгі арманына қолы жетпеген, немесе қазіргі жағдайын өзіне лайықсыз деп санайтын азаматтың отбасында да мамыражай күндер азая береді. Мұндай мысалдарды мыңдап келтіруге болады. Біздің айтпағымыз, көп жағдайда отбасының ішкі гармониясы бұзылған кезде үшінші адам пайда болуы мүмкін. Ал ол кім, қандай адам? Біреудің сырт көзге айрандай ұйып отырған отауына тұмсығын сұғуға кімнің жүрегі дауалайды, олар өзі қайдан шығады?

Көбінесе неке шеңберіне бөтен адам енгізетін еркектер екен. Бүгін бір үйлі жан арқа сүйеп отырған отағасын алды-артына қаратпай, мұрнын тескен тайлақтай жетелеп кететін әйелдердің кім екеніне үңіліп көрейік.

Олардың атауы көп. Дегенмен, небір ащы атауға таңылатын олардың заты бір. Әйел.  Сонымен, көңілдес деген кім?

Pandaland Image

Өмірде жолы болмаған әйел. Иә, ол ажырасқан жас келіншек болуы мүмкін. Қолында баласы да бар шығар. Бірақ әдетте баласын сырт көзден, әсересе ер адамдардан жасыруға тырысады. Бәлкім оң жақта отырып алданып қалған сормаңдай болар. Қалай болғанда да, өз некесін сақтап қала алмаған ол басқалардың бақытына қызығады. Жалғыздықдың дәмін татып қалған мұндай келіншектер әдетте «енді ақылдырақ боламын» деген ұстанымда. Ақылдырақ болғаны сол, еркектен айырылмаудың бар амалын жасайды. Ол үшін біреудің отбасы өз бақытынан қымбат емес...

Pandaland Image

Қамқоршы. Ол өте пысық әйел. Егер сіздің күйеуіңізді тап осындай әйел шырмауына түсіргісі келсе... Ойлай беріңіз. Үйі кірсе-шыққысыз таза, жылы, жайлы. Үйі ғана емес, өзі де әрдайым жинақы, әдемі. Оғаш мінез көрсетпейді. Мұндай әрі қызметші, әрі төсектес, әрі қамқоршы нақсүйердің қасынан кімнің шыққысы келсін.  Түстікке үш түрлі тағамнан тұратын дастархан ұсынатыны тағы бар...

Pandaland Image

Еріккен келіншек. Еріккеннен жүріс жасайтындар да болады екен. Ол үйлі-баранды келіншек. Күйеуін жақсы көреді, бірақ олардың қарым-қатынасы баяғыда сарғайған. Арадағы сөнуге айналған шаланы қыздыруға оның ниеті жоқ, не шаршаған. Бірқалыпты сүреңсіз күндерден жалыққан екеу бір-біріне бостандық береді. Сары газеттердің танысу бұрыштарында жиі кездесетін «Ешқандай міндеттемесіз қатынас» үшін танысамын» деп жарнама беретіндер дәл солар болуы ғажап емес.


Pandaland Image

Қуыршақ. Олар қалталы жігіттерге үйір. Ар-ожданы көп мазалай бермейді. Отбасылық құндылық дегенді түсінетін жасқа жетпегендер. Бәлкім студент, бәлкім бір сұлулық сынының жеңімпазы. Әйтеуір келбетіне қызыққандар ақысын төлеуі тиіс деген пікірде. Қатарынан бірнеше «қаржыландырушы» «ұстауы» да мүмкін.  Еркек ақша беруін доғарса немесе дәулетінен айырылып қалса, сол сәтте басқа құрбан іздеп кете беруге дайын.  

Pandaland Image

Ең қауіптісі. Ол жай қызықтан, ләззаттан басқа да сұраныстарды қанағаттантыратын жан. Ол кәрі қыз болуы, ажырасқан келіншек болуы, тіпті жасы жігіттен әлдеқайда үлкен немесе баласымен жасты болуы да мүмкін. Ең бастысы, еркектің басына бір іс түссе, ол сабырмен тыңдай біледі, ақылға шақырып, демеу болады. Әйелінің суретін көрсетуін өтініп, оған оң баға береді. Тіпті, «жақсы адам екені бірден көрініп тұр» деп мақтап та қоя алады. Төсектесінің отбасындағы маңызды күндердің бәрін біледі, ұмытпайды және сол күндері келмей-ақ қойғаны жөн екенін асқан түсіністікпен жеткізе алады. Оның шаруа жайын, үй-ішінің жоспарын, балалары қайда оқуға түспек екенін, кім қашан демалысқа шығатынын, екі айдан кейін болатын тойды қай мейрамханада өткізетінін, бәрін-бәрін біледі. Несі қауіпті дейсіз ғой? Еркек оны еріксіз өз әйелімен салыстыра бастайды. Егер құдай қосқан қосағы осы салыстыруда ұтылып тұрса, еркектің бұл жүрісі ажырасумен тынуы мүмкін.

Pandaland Image

Қысқасы, біреудің ақ төсегін былғайтын көңілдес те ет пе сүйектен жаралған әйел. Тек олар некелі жардың осал тұсын, өзінің артықшылығын біліп, айласын асыруға тырысады. Алайда, сол жүрістерінен өздері де қорланатын болар. Не дегенмен, әркімнің  өз «мені» бар ғой. Күйеуің көзіңе шөп салған күннің өзінде ары қарай бал жаласып тұрып кетуге болады. Ол тек әйелдің ақыл-парасатына, төзіміне, жүйкесінің беріктігіне байланысты.  Ал ең абзалы, екі жақ та некені киесінен айырмай, қастерлеп өтсе...

Шығыс қызы


×