Қиқар баланы тәрбиелеу...
Балаға айтқаныңызды орындату үшін қанша рет қайталайсыз? Кішкене бастығыңыздың қиқарланып, жоқ жерден шу шығаратын әдеті бар ма? Оның келісімін «сатып алатын» кездеріңіз бола ма? Балалы үйлер мұндай мәселелермен соқтығып тұрады. Қалай дегенмен, бір айтқаннан ұғып алатын құйма құлақ баланы табу қиын. Алайда, он рет қайталасаңыз да еркеңізді көндіре алмасаңыз, жағдайды түсіндіруге бағытталған талпыныстарыңыз жүйкеңіздің сыр беруімен аяқталатын болса, шындап ойлануға тура келеді.
Сонымен, баланың қиқарлығына дес бермей, өз сөзіңді өткізудің амал-тәсілдері қандай? Бұл жөнінде, әрине, әркімнің-ақ айтары бар. Дегенмен, отбасы мектебі қалыптастырған кейбір жалпы ережелерді тізбелеп көрейік.
- Бала отбасының басқа мүшелерінен артық емес, тең екенін ұқтыру маңызды. Басқаларға рұқсат етілмейтін немесе ересектерге ұнамсыз қылықтарды баланың да жасауына болмайтынын ұғуы керек.
- Қажет кезінде тия біліңіз. Баланың қалауы шектен шыққанда қатаң «жоқ» деп бетін қайтара білу керек.
- Отбасы мүшелерінің қалауымен санасуға, олардың жұмысы мен демалысына бөгет жасамауға мәжбүр екенін сезінгені дұрыс.
- Өзінің тең құқылы отбасы мүшесі екенін, мойнында жауапкершілік барын ұқтыру керек және оған құрметпен қарайтыныңызды білуі керек. (Үнемі пікірін тыңдаңыз, өтінішіне жауап беріңіз, отбасылық кеңестерге қатыстырыңыз, т.б)
- Сәбидің мойнына өзіндік міндет артып, олардың үнемі орындалуын қадағалап отырған жөн. Мысалы, үлкендерге қамқор болуға баулыңыз. Ол үшін баланы жаттықтырып, нақты тапсырмалар беру керек («Әжеңе көмектесіп жібер», «Атаңның аяғы ауырып отыр ма, сұра», «Тәттіңнің жартысын ағаңа бер», «Ойыншықтарыңды жина», т.б.)
- Үлкендерге ғана емес, өз қатарына, кішілерге де қамқор болуы керектігін түсірдірген абзал.
- Баланың ересек адамды мазақтауына, жаман сөздер айтуына жол бермеңіз.
- Балаға жақындарының жұмысы, қоғамдық мәселелер туралы айта жүріңіз.
- Бала өте сезімтал. Ол өзіне сенетініңізді сезсе, сенімді ақтауға тырысады. Ал "ақымақ", адам болмайсың", "ұқпайсың" дегендей сөздерді еститін бала да бейсаналы түрде өзі туралы пікірге сай болуға тырысады.
- Келеке ету, дөрекі сөйлеу – баланың жанын жаралайды, намысына тиеді.
- Ата-анасы құрметтейтін балалар олардың айтқанын (ұрсуын да) адекватты қабылдай алады.
- Талап қоярда реттілікті сақтаңыз. Одан талап етпес бұрын талаптарыңыздың әділдігіне, дұрыстығына көз жеткізіңіз.
- Балаға әсер ету үшін әдістер таңдаған кезде, ең жеңілінен бастаған дұрыс. Ерекше жағдайларда ғана күшті тітіркендіркіштерге жүгініңіз.
- Ешқашан, ешқашан бөтен кісілердің көзінше балаға ұрыспаңыз, кемсітпеңіз.
- Әке-шешесінің өзара ұрыс-керісін көру бала психологиясына кері әсер ететінін көпшілік өз тәжірибесінен біледі.
- Тырысып істеген әр ісін мақтап, көтермелеу, ашық әңгімелесу, өз сезімдерің туралы айту, т.б деп келетін психологиялық кеңестер шын мәнінде пайдалы, оларға жүре қарамаңыз.
Баланың болмашыға қырсығып, көп қиқарлануы – жалпы тәрбиесінде ақсап жүрген тұстар барынан хабар береді. Және ол мәселе баладан емес, негізінен ата-анасынан шығатынын мойындау керек. Сондықтан, өзіңізден бастаңыз. Ал бала бойына жақсы әдеттер қалыптастырып, айналасындағы жағдайды дұрыс қабылдауға баулудың бірден бір жолы – нақты күн тәртібі және уақытын мазмұнды өткізу.