Өнерлі Құлмырзаевтар Өнерлі Құлмырзаевтар
4 минуты - 07.12.2016, 06:49
Өнерлі Құлмырзаевтар

Өнерлі Құлмырзаевтар

4 минуты - 07.12.2016, 06:49

Қай ата-ана өз баласының «Айгөлекке» қатысқанын қаламайды десеңізші. Осы бір республикалық өнер додасының кезекті жобасында 10 жасар Бибімариям есімді кішкене қыз ән шырқап, домбырамен өнер көрсеткені үшін 1-ші орынға ие болды. Қызылордалық әнші қыздың көркем дауысы мен бойындағы дарыны, киген киімі мен сахнадағы қимыл-қозғалысы көрерменді бірден баурап алды.

Бибімариямды ән айтуға баулыған әжесі Жалғасбаева Балгүл Қармақшы ауданындағы «Әжелер» ансамблінің мүшесі. Ал өзін сахнада еркін ұстауға үйреткен анасы Мереке, ұстаздықпен қоса әнші, әрі биші өнерлі жан. Балгүл апай келінімен бірге немерелерін кесте тігу, құрақ көрпешелер, қабырғаға тұмар тігу секілді қолөнер еңбегіне баулудан жалыққан емес. Ерлан мен Мереке Құлмырзаевтар отбасында екі қыз, үш ұлдың тәрбиелеп отыр, үлкен ұлы Нұрасыл да домбырашы, аймақтағы күйшілер арасында өз қатарластарының алды. Ол «Бозторғай» Халықаралық конкурсының жүлдегері, қазіргі уақытта Қазан қаласында қалаған мамандығы бойынша білім алуда.

Құлмырзаевтар әулетінде қазақ руханиятындағы құндылықтар аса бағаланады.  

- «Балаларымызды бесікте жатқан кезден әжесі «бесік жырымен» тербетіп, тілі былдырлай бастағанда ертегісімен ұйықтатып келеді», – дейді Ерлан.   

Бұл әулет өз ортасында өнерімен танымал. Балаларға өнер өз ата-әжесінен де, нағашы жағынан да дарыған. Бибімариямның атасы Серік домбыра мен гитарада еркін ойнап, сырнаймен ән айтады. Ал нағашы атасы домбыра мен қобыз жасайтын аспапшы шебер болған деседі, ол зайыбымен әйгілі «Сыр сұлуы» ансамблінің құрамында өнер көрсеткен екен.

Атадан балаға жалғасқан киелі өнер орта буында тоқсаныншы жылдардағы Құлмырзаевтар ансамблінің құрылуымен сабақтасты. Бұл ансамбльдің ұйытқысы Серік Құлмырзаев домбырашы, гитарашы, композитор бауырларымен бірге өз ұлы Ерланды да осы ұжымда баулыды. Иә, алдыңғы буынның өнерін араға жиырма жыл салып бүгінде балалары жалғастыруда.   

Қарапайым ауылда өмір сүрген сүттей ұйыған шаңырақта ата мен ана балаларын рухани тазалыққа, еңбекке, жауапкершілікке тәрбиеледі. Ұлдарды шаруашылыққа тиянақты болуға, күнделікті тұрмыста мал бағып, оның бабын жасай білуге үйретті.

- «Бізге берілген тәрбиенің бір ерекшелігі – он жасымыздан бастап әкем бізбен құрдасындай ақылдасты. Тұрмыстағы кез-келген жәйтке араластырып, кеңесіп отырды. Өзімен тең көрді. Бізді ересек адамдардай ойлауға, жауапкершілікке баулыды», - дейді Ерлан.  

Ұяда көргені мен алған тәрбиесі Ерланның елге сыйлы азамат болып қалыптасуына тікелей себеп болды. Аудандағы мәдениет үйінің директоры Ерлан Құлмырзаев 2013 жылы Халықаралық Бизнес рейтингтер одағының «Қазақстан Даңқы» орденімен марапатталды. Бизнес рейтингтер Одағының биылғы сараптамасында Ерлан басқарған кәсіпорын тағы да бес мемлекет арасынан үздік көрсеткіштерге ие болып, бүгінде салтанатты марапаттау үшін Мәскеуге шақырылып отыр.

Ендеше, салтанаты келіскен бұл шаңырақ иелері мен отбасы мүшелеріне Жаратқан жар болсын деп тілейік!...

Pandaland Image



×