Мәңгі есімде...
Мінекей, Ұлы Отан соғысы Жеңісіне 71 жыл толғалы отыр. Қымбатқа түскен, азаппен келген Жеңіс. Осы бәріміз үшін қасиетті саналып, қадірленер күні елдегі үйінен Ұлы Отан соғысына қатысқан азаматтары бар шаңырақтар иіс шығарып, ырымын жасайды. Дәулеттілер соғыста шейіт кеткендерге арнап құрбандық шалып, құран оқып, дұға бағыштайды. Соғыста қаза болған ер азаматтары бар үйлерде төрде сақтаулы тұрған сарғайған солдат хаты ашылып оқылады, ұрпаққа тәлім дүниелер көрсетіледі.
Осы бір керемет мереке мен үшін де өте маңызды. Менің атам – бар саналы ғұмырын ел игілігі жолында еңбек етуге арналған Ұлы Отан соғыс ардагері – Қадырбек Әбділдәұлының өмірі айтқан әрбір сөзі ұрпаққа үлгі-өнеге болатын. Атам екеуіміз жыл сайын, 9 мамыр күні мерекелік шеруге міндетті түрде барып, үйге туған-туысқандар у-шу болып атамды құттықтауға келетін. Алғашқы рет Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының сәлемін 11 жасымда сол атамның арқасында алған болатынмын. Әрбір Жеңіс мейрамында, Елбасы соғыс ардагерлерін қошеметтеп, қастарына келіп сәлемін алған. Мені бауырынан айырмай, әрдайым алдына салып, Елбасымен сәлемдесу жыл сайынғы дәстүрге де айналып кеткен. Бірақ, «Өмір-өзен» дейді ғой, атам мәңгілікке көз жұмды... Бұл күні біз атама арнап әдейі құран оқып, дұғамызды бағыштаймыз. Сол бір атам екеуіміз өткізетін бақытты да керемет сәттер енді ешқашан оралмас деген ой жанымды қатты толқытып, жаралап жібереді.
1923 жылы қазіргі Ақмола облысы, Есіл ауданы, Қызылсу ауыл кеңесінің Игілік ауылында дүниеге келген Қадырбек Әбділдәұлы ел басына күн туған сын сағаттарда өз еркімен сұранып, елін жаудан қорғау мақсатымен майданға аттанады. 200 күнге созылған, дәлірек айтқанда, 1942 жылдың тамызынан 1943 жылдың ақпанына дейін созылған соғыстар тарихында теңдесі жоқ Еділ бойындағы осынау бір қатты шайқасқа дүниежүзі болып көз тікті. Жау «Сталининградты қалайда аламын» деп бар күшін үсті-үстіне төксе де, біздің жауынгерлер қаланы қаһармандықпен қорғай білді. Еділ жағасындағы даңқы мәңгі өшпейтін ерлік шайқас үшін Ұлы Отан соғысы тарихында алтын әріппен жазылған. Бұл ұрысқа ең таңдаулы деген 17 дивизияның жауынгерлері қарсы тұрып, қасиетті қаланы қорғап бақты. Атам соғыстың 1942 жылғы мамыр мен қазан айлары аралығында дайындықта болып, осы 17 дивизияның ішінде сол отты жылдың қарашасында Сталиниград үшін шайқасқа аға сержант шенінде аттанып, Кеңес Одағы мен Польшаның маршалы Кеңес Одағының екі рет батыры атанған Рокоссовский Константин Константинович басқарған ІІ-ші гвардиялық армияның 24-ші гвардиялық дивизия, 72-ші гвардиялық атқыштар полкының, 6-шы гвардиялық ротасында болды. Сол қанды жылдары бар адамзат баяндай алмайтын азап көрді, атам да сол соғыста төрт рет жараланған болатын. Ал 1943 жылы атамды Ростов арқылы ІІ-ші Украиндық фронтқа жібереді.
Неміс басқыншыларымен талай рет бетпе-бет шайқаса жүріп, ел тыныштығын сақтап қалғаны үшін омырау белгілері де аз емес. Қанды қырғын жеңіспен аяқталғаннан кейін, КСРО Жоғары Кеңесінің Президиумы Жарлығымен 1965 жылы «1941-1945 жылдарындағы Ұлы Отан соғысының жиырма жылдығы», 1967 жылы «КСРО Қарулы Күшетрінің елу жылдығы», 1975 жылы «1941-1945 жылдарындағы Ұлы Отан соғысы жеңісінің отыз жылдығы», 1979 жылы «КСРО Қарулы Күшетрінің алпыс жылдығы», 1985 жылы «1941-1945 жылдарындағы Ұлы Отан соғысы жеңісінің қырық жылдығы», 1988 жылы «КСРО Қарулы Күшетрінің жетпіс жылдығы», 1995 жылы «1941-1945 жылдарындағы Ұлы Отан соғысы жеңісінің елу жылдығы», 1996 жылы Тәуелсіз мемлекеттер достастығына қатысушы мемлекеттік басшылары кеңесінің 1995 жылғы 26 мамырдағы шешіміне сәйкес, Кеңес Одағының Маршалы Г.К. Жуков омырау белгісімен, 1945-1989 жылдары аралығында 44 жыл ұстаз болып істегені үшін «Қазақ ССР-не еңбегі сіңген ұстазы» атағымен марапатталды.
Атам сүйікті Үкіжан әжем екеуі алпыс жыл бойы тату-тәтті өмір сүріп, балаларының қуанышына бөленген. Әжем сол уақытта майдан шебінде жарақаттанған жандарға медициналық көмек беру үшін күнді түнге, түнді күнге ұластырып еңбек ете жүріп, атаммен танысқан болатын. 1945 жылғы ақпан айында оқ астында екі ғашық қосылады, бұл жер бетінде нағаз махаббатың бар екендігін дәлелдейді. Сонау 2005 жылы, Ұлы Отан соғысы Жеңісіне алпыс жыл қарсаңында, біздің отбасымыз екі бірдей мейрам тойлауға дайындалған еді: бірі - Ұлы Жеңіс мейрамына 60 жыл болса, екіншісі – атам мен әжемнің отау құрғандарына да 60 жыл болар едi... Содан берi он жылдан астам уакыт та өттi. Ал биыл болса, әжемнің де мәңгілікке көз жұмағанына бiраз жыл болады... Бірақ өмір сыны қатал: адамзаттың басын тасқа да, тауға да соғады. Ол адамға небір қызығы мен бақытын сыйлап қуантады, қайғысы мен қасіретіне қалдырып жылатады. Мінекей, мен үшін де сол кезде алғашқы өмір сыны қатал болды: атам мәңгілікке кетіп, Ұлы Жеңіс мейрамын өзімнің сүйікті атамсыз қарсы алатын болдым.
Мен атамды соғыс туралы айтып беруді сұраған кезде, сол кездегі балалардың жан-дауыстары еріксіз еске түсіп, жаны түршігетіндіктен, соғыс туралы көп айтқысы келмейтін. Дегенмен, соғысты әңгіме қылғанда: «Осы күнге дейін көз алдымда елестейтін бір жағдай – күйіп жатқан қалалар мен ауылдар, көшелерде өліп жатқан ешбір күнәсі жоқ қарттар, әйелдер, балалар. Мұндай апат қайталанбасын. Біз көргенді кейінгі ұрпақ көрмесін деймін. Тәуелсіз ел атандық. Енді осы тағдыр талайымызға жазылған айрықша бақыт ұзағынан болғай деп тілейік», деген атамның сөзі мәңгі есімде қалды.
1418 күнге созылған сұрапыл соғыстың адамзат баласының тарихында орны ерекше. «Оны енді Құдай басқа салмасын!..» деп қариялар тегін күрсінбеген. Сол күрсіністің астарында көкіректі қарс айырған шер жатыр. Қыршын кеткен боздақтарға, тұтанбай жатып сөнген махаббатқа деген сағыныштар ғой ол деген. Бірақ адам баласы неге көнбейді дейсің. «Күркіреп күндей өтті ғой соғыс» деді де өмір-ғұмыр жалғасының қамына кірісті. Бұл соғыс қазақ даласын да күйретіп кетті...
Жеңіс... Қандай ыстық, жанға жақын сөз. Адамзат тарихындағы ең ауыр қантөгіс аяқталған күн. 71 жыл өтті. Егемен ел атандық. Тәуелсіздігіміздің көк байрағы бейбіт аспанымызда асқақ желбірейді. Сонау сұрапыл жылдарда шыңдалған достығымыздың даңғыл жолымен болашаққа қадам басқан жүзден астам ұлт пен ұлыстың ұл-қыздары Қазақстан деген байтақ елдің қуатын арттырып, абыройын асқақатуға жұмылған. Сол бір шуақты күнді жақындатқан, отты жылдарды басынан өткере жүріп, бізге бейбіт ғұмыр сыйлаған қарапайым қарттар қатары жыл өткен сайын сиреп келеді. Өткеннен сабақ алмай, болашақ жоқ. Сондықтан, Отанымызды отқа ораған жаудан аман алып қалған аталарымыз нендей құрмет-марпатқа ие болса да лайықты. Қолдағы бар алтынды қадірлей білейік, қатардағы аз ғана қалған ұлы аталарымыз бен әжелерімізді аялап, паналап, бағалап жүрейік. Бәрінің де бір ғана ортақ ниеті бар – ол аспанымыз ашық болсын деген ізгі ниет. Құдайым соны қабыл етсін деп тілейік.
Ал мен болсам, әрқашан өз атамды мақтан тұттым. Болашақта да үлгі етемін. Атама деген тағзымым осы. Жатқан жеріңіз жарық болып, топырағыңыз торқа болсын, сүйікті ата!
Сағынышпен еске алушы,
немереңіз Дина.