Qazaqsha

Педофилден әкем құтқарды

Педофилден әкем құтқарды
Педофилден әкем құтқарды
25.11.2020, 04:43
Изменено: 14.03.2024, 06:27

Заман ба әлде адамзат өзгеруде ме, қазіргі таңда зорлық жайында әңгіме тез тарайтын болып кеткен. Жаңалықтар бізді теледидар арқылы да, қолымыздағы гаджет арқылы да қуып жетіп алады. Ал екінің бір жаңалығы педофил жайында.

Ашық ақпарат көздеріне жүгінсек 2019 жылы 1350 педофилды учетқа тіркеп, бақылауға алған екен.

Достар, құрбылар, туыстарды сұрастыра бастап едім, әркімнің өз хикаясы бар екен осы тақырыпқа қатысты. Менің де бала күнімде орын алған хикаям бар. Осы күнге дейін айтпай келдім, өйткені ата-анам естіп, жүректері ауырмаса екен деп, оларды ойша қорғап келдім.

Ата-анасын мен сияқты қорғағандар қаншама. Кейде кеш болса да, айтар дүние айтылу керек екен. Әкем өзі жасаған ерлігін әлі күнге дейін білмейді ме, мүмкін мені қандай зұлымнан арашалап қалғанын білмей жүрген шығар.

Осы мақаланы жазып отырсамда, мамам мен папам оқымаса екен деп тілеп отырмын.

Сонымен, 90-шы жылдар, Көкшетау қаласының маңайындағы райондардың бірінде жас отбасы тұратын. Екі кішкентай қыздары бар. Сол қыздардың бірі мен едім, жасым төрт жас шамасында еді.

Әкем таң атпай жұмысқа кетеді, ала анам үй шаруасымен айналысады. Біз сіңлім екеуіміз балабақшаға баратынбыз. Ал сол күні неге мен үйде болғаным есімде жоқ.

Аулада ойнап жүрген кезде, көрші тұратын кісі мені ертіп әкетті. Қорыққаннан үнсіз кете бердім. Анашым үнемі айтып отыратын, жақындамаңдар, жақсы адам емес деп. Түрі де сұсты, бетін сақал басқан, ірі келген кісі болатын. Біраз уақыт жалғыз өмірсүріп жатқан, өйткені әйелі бала-шағасын жинап, төркініне кетіп қалған.

Педофилден әкем құтқарды

Көрші үйіне ертіп әкеліп, мені отырғызып қойып, бір жерін маған көрсетті. Мен жылап едім, жұдырығын көрсетіп, "аузыңды жап" деді. Мені ұратын сияқты қорқып отырдым, ары қарай не болатынын түсінбегенімде жақсы болған.

Бір кез даладан шу естілді. Кісі дереу сымданып алды, үйге әкем кіріп келді.

- Мұнда не істеп жүрсің, бар үйге деп, - маған қатты айқайлады. Мен одан сайын жылай бастадым, сөйтіп сол үйден шығып бара жаттым. Әкемнен екі есе келсе де, екеуі алысып жатты. Көршінің жағын бір айырған әкем, "отбасыма жақындама" деп айтып, мені көтеріп шығып кетті.

Далада тұрған анашым мені құшақтап жылап, үйге алып кірді.

Әрине мені ұрысып та, еркелетіп те алды. Не болғанын менен сұрағанда, қатты қысылғаннан ештеңе болмады, жай үйіне ертіп апарды дей бердім. Бір жерін көрсетті десем, мені ұрысатындай күйде болдым. Бәрін жасырып қалғым келді.

Әкем жұмыста жүргенде, өзін жайсыз сезіне бастаған. Үйге аяғы тарта берген. Ол кезде бізде ұялы түгілі, үй телефоны да болмаған. Жұмысындағы тракторға мініп, үйге асығып тездете жеткен, сөйтсе мені анашым іздеп жатқан екен. Бәрін түсінген, көршінің сырын білетін әкем, тура сол үйге барған.

Әкемнің ішкі түйсігі мені азапты ажалдан, қорлықтан, зорлықтан, педофилден құтқарды. Осы күнге дейін әкеммен ашық сөйлесіп рақметімді айтпағанмын. Менің ешбір жазбамды оқымаса да, әкеме айтар сөздерім бар: "Әкешім, өз балаңызды ойлағаныңыз сонша, тіпті интуицияңыз бізді қорғап келеді. Қанша қатал болсаңыз, сонша қаталдығыңыз мені талай зұлымнан құтқарған. Менің әкем болғаныңызға үлкен рақмет. Әлі де Сізден үйренерім көп."

Мен психологиялық травма алмадым, өйткені кішкентай едім және көп нәрсені түсінбейтін жаста едім. Сонымен осы хикая жабылып, үйде бір ретте еске алынған емес, бірақ менің ойымнан кетпейді. Мүмкін қорқыныш әсері осылай есімде қалған шығар.

Көп қыздар қорыққаннан, ұялғаннан шындықты жасырады. Оларды сөкпеңіздер. Ал қыздарға айтарым, дер кезінде шындықты айтыңыздар. Жауыздар өз жазасын алу керек.

Балаларымыз бейбіт өмірсүрсін және тек жақсы хиякаялар біздің өмірлік серігіміз болсын.

Фото: pexels.com

Menu
×