Qazaqsha

«Мамандық таңдауыма анамның араласатыны ұнамайды»-түлектердің жан айқайы

«Мамандық таңдауыма анамның араласатыны ұнамайды»-түлектердің жан айқайы
«Мамандық таңдауыма анамның араласатыны ұнамайды»-түлектердің жан айқайы
18.07.2022, 07:20
Изменено: 16.04.2024, 03:50

Әлемде 40 мыңға жуық мамандық түрі бар, ал жұмыссыздар саны одан да көп. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі статистика комитетінің мәліметтері бойынша, 2020 жылы жұмыссыз ерлердің саны 216,3 мың, әйелдер – 237,7 мың адамды құрады. Ал статистикаға сәйкес, елімізде 400 мыңнан астам адам жұмыссыз екен.

«Мамандықты мәжбүрлі түрде, жан қалауынсыз таңдауды жұмыссыздықтың басты факторына жатқызуға болады» дейді мамандар. Мамандық таңдау– әрбір адам баласының еркі, қалауы болғаны ләзім. Балаң шақта кез келген бала «мен өскенде ғарышкер боламын», «мен батыр» боламын деп көңіліндегі ойын айтып, асқақ армандарымен бөлісіп жатады. Ал ер жете осы жүрек қалауын мүмкіншілік аясына сарп етеді. Мұндағы мүмкіншілік аясы деп отырғанымыз: сенімсіздік комплексі, сол мамандық бойынша жұмыс таба алмай қалу қорқынышы, өзі таңдағысы келетін мамандыққа бөлінетін грант санының ыңғайы, ата-ана тарапынан болатын өзге де кеңестер.

Аталған себептерге байланысты бала мамандық таңдауда ең ұтымды әрі оңай жолын қарастырады. «Оқып алсам болды, диплом алып алайын», деген ойды місе тұтады.Әсіресе 11-cынып оқушысы үшін мамандық таңдау көбіне амалдың жоғынан іске асады десек те болады. Оған екі себеп бар, бірі – қайтсе де грантқа түсу керек, екіншісі – ата-анасының қалауы.

Осы тақырыпты жан-жақты ашу мақсатында, Pandaland редакциясы өз зерттеуін өткізді. 2022 жылы бітірген түлектер арасында жүргізген сауалнамаға сәйкес, түлектердің мамандық таңдау процесін келесі бөліктерге бөліп қарастыруға болады:

Түскім келеді, атам-анам қарсы

Биылғы мектеп түлегі: «Журналистика саласына түскім келеді. Бірақ ата-анам қарсы. Болашақта жұмыс табу қиын болады дейді»,- деп өз оқиғасын айтып, шамданды.

Сондай-ақ, редакциямыздың «Мамандық таңдауда ата-ана кеңесіне жүгіндіңіз бе?», деген сауалына 50% түлек «Әрине,жүгіндім. Оқытатын сол кісілер ғой» деген нұсқаны таңдаған:

Мамандық таңдауда ата-ана кеңесіне жүгіндіңіз бе

Яғни түлектердің басым бөлігі оқу орны мен мамандығын таңдауды ата-анасының еркіне қалдырады. Ал алдыңғы буын ауылға қайта оралуды талап ететін немесе ақшасы тасып тұрған мамандық түрлеріне жүзіңізді бұруға тырысады. Басқа саланы меңгергісі келетін түлекке өздері ұсынған мамандықты таңдатып жатқан жайттар аз емес. Қазір техника қарыштап дамығаны секілді, мамандық түрлері көбейіп келе жатыр. Аталмыш он шақты мамандық түрін таңдаумен тоқталып қалмай, әр түлек өзі ізденіп, өз бағытын тауып, өзі қалаған саласын игерсе дейміз.

«Грант иесі атануым керек»

Кез келген түлектің мақсаты – грант иесі атану. Ал, грант иесі атану үшін грант орындары неғұрлым көп бөлінген пәнді таңдау, ұтымдырақ. Сараптама нәтижесінде «Сіз үшін грантта оқу маңызды ма?», деген сауалға 80% түлек маңызды екенін жеткізген:

Сіз үшін грантта оқу маңызды ма?

 

Диана биылғы мектеп түлегі: «Жыл сайын техникалық мамандықтарға грант көп бөлінеді, әрі түсу баллы төмен. Сондықтан біздің сыныпта физматты таңдап отырған 5 бала бар. Өзім гуманитарлық бағытты таңдаймын, бірақ бізде мүмкіндік аз».

Грантқа түсу үшін: 2021 жылы 140-тан 100 балл жинаған түлек (қазақ әдебиетін таңдаған) грант иегері бола алмады. Ал, келесі 50 балл жинаған (физиканы таңдады) түлек грантта оқиды. 2022 жылы жаратылыстану ғылымдарына 6288 грант, ал өнер әдебиет саласына 1615 грант бөлінген. Осы себепті мүмкіншілік аясын қарастыратын жастарымыз аз емес.

«Грант,деп қана оқу таңдау-абсурд!»

Мамандығын грант үшін таңдаған Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының 2 курс студенті Тұхпатолла Айым Қайржанқызы өз оқиғасымен бөлісті:

Екінші курсқа дейін Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің биология ағылшын факультетінде грантта оқыдым. Оған дейін колледжде оқығанмын. Бірақ маған бір нәрсе жетіспейтін сияқты көрінетін. Грант үшін түскен едім. Ол кезде қай мамандыққа түссем де, бастысы грант болса екен, деген ой болды. Ақылы оқуды қалтамыз да көтермейтін. Бертін келе, жүрегім қалап тұраған мамандыққа бет бұруды ойладым. Дегенмен, іштей қорқыныш болды «грантқа түсе алмай қалсам ше» деген ойлар мазалады. Осы оқуымды аяқтап диплом алып алайын, кейін тағы көре жатармыз, дедім. Бала кезден театрға қызығатынмын. АГУ-да оқып жүргенде театрға жиі барып жүрдім. Сондықтан тәуекел етіп, Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының өнертану факультетіне тапсырдым. Аллаға шүкір, театртанушы мамандығының грант иесі атандым.Негізі бүгінгі жастардың басты мәселесі де сол. Өзімнің грант үшін мамандық таңдаған таныстарым да бар.

Айымның оқиғасы көп жастарымыздың басында болғаны жайт. Кейін баланың орны толмас өкініште жүргенін қаламасақ, өз қалауының да маңызына көңіл бөлген жөн.

Сауалнама жүргізу басрысында: «Негізі барлық түлек грантқа түссем екен», деп армандайды. Бірақ бұл ойға байланып қалмау керек. Себебі грант – ол сенің тамағың, иә. Ал грант бір жанға бұйырады, бір жанға бұйырмайды. Бастысы ақылы ма, тегін оқу ма маңызды емес, сапалы білім алсаң жеткілікті»,-деген пікірлер де келді.

 Грантқа түсу маңызды

Грантқа түсу маңызды, бірақ ақылы бөлімге түссең де өмірің жалғасады, жақсармаса жаман ғұмыр кешпейсің. Осы мәселені түсінетін жастарымыздың бары қуантады.

«Жалақысы аз, жұмыс табу қиын болады»

Ілияс, 11 сынып оқушысы: «Менің ойымша қазіргі таңда ақша табу үшін не өз бизнесіңді ашу керек, не блогер болу керек. Қазір сабақ оқымай-ақ көтеріліп жатқандар бар. Сондықтан жоғарғы оқу орнына түсу маңызды емес, деп ойлаймын».

Оқушының бұл пікіріне, психолог Анаргүл Мәулиқызы мынадай түйін айтты:

Жастардың мұндай ойға келуі бала кезден бастау алатын процесс. Ата-ана баланың қалауының маңыздылығын айтып, өсіруі керек. Әрине, әлеуметтік желіде небір жақсы өмірлерді көреді. Олардың бұл өмірге еңбекпен жеткенін де аңғармайды. Әлеуметтік желі, барлық процессті емес, түпкі нәтижені ғана көрсетеді. Сәйкесінше бала соған иланады. Мұндай жағдайда ата-ананың айтатын кеңестері маңызды. Бала белгілі бір мамандық таңдағанын айта қалса «Кейін бұл мамандыққа жұмыс табыла ма?» деп сұрайды. Міне, ата-ананың басты қателігі. Сондықтан бала қалауға емес. қаражатқа қарайтын болады.

Бүгінде өзге мамандықты бітіріп, жүрек қалауымен жұмыс істеп жатқан жандар да аз емес. Актер, продюсер Нұрлан Қоянбаев тарих факультетін тәмамдаған. Ал бүгінгі таңда ең сапалы фильмдер ұсынып отыр. Өзінің қалауын таба білген жан деп айтуымызға болады.

Pandaland редакциясы барша жанның өз қалауын тапқанын қалайды. Түлектерге ізгі жол тілей отырып, алдағы өмірлерінде өз орнын табатынына сенеді. Ойымыздың тоқетерін философ Конфуцийдің сөзімен аяқтасақ дейміз:

Жүрегің қалайтын жұмысты таңда, сонда сен бір күн де жұмыс істемейсің!

Мақала авторы: Айғаным Ахунбай

 

Menu
×