Qazaqsha

Күйеуімнің бірінші әйелін көре алмаймын

Күйеуімнің бірінші әйелін көре алмаймын
Күйеуімнің бірінші әйелін көре алмаймын
02.11.2020, 07:09
Изменено: 25.04.2024, 03:16

Табиғаттың заңдылығы бойынша біз жұп болып өмірсүреміз. Ал тағы бір заңдылық - ерлер полигамды болып келеді де, көбіне отбасынан тыс басқа да келіншекпен көңіл қосады.

Ерлердің айтуынша, мұндай қадамды ауыр деп есептемейді екен. Отбасымды тастамадым, әйелім қасымда, демек бәрі дұрыс деседі. Бүгін мұндай көзқарас дұрыс па, бұрыс па, оны талқыламаймыз.

Өмір болған соң, көптің басынан өтіп жатқан жағдайды естіп жүреміз. Ал осы жолы кейіпкердің өз аузынан естіген әңгімені сіздерге баяндап беремін.

Ары қарай әңгіме аноним кейіпкердің сөзімен айтылған:

"Мен ол кезде тым жас едім. Анашым қайтыс болған соң, қалаға кеттім. Оның себебі, әкем үйге жас әйел алып келіп, сол әйелі бәрімізді қинауды бастады. Оны көрген әкем, еш үндемейтін. Сөйтіп, қалтамда 500 теңгемен Алматыға кеттім. Әкемнің қарындасы күтіп алды. Бір асханаға ыдыс жуушы болып жұмысқа тұрдым. Жұмыс өте ауыр, тәтемнің үйіне де симайтынмын. Қатты шаршадым. Бір жылдың ішінде ақша жинап жүріп, кішігірім саудамен айналыса бастадым. Сөйтіп, бөлек шықтым.

Қасымда сауда істейтін ағайға көзім түсетін. Керемет отбасын басқарып отырған, қалталы кісі еді. Мінезі де жұмсақ. Бірнеше ай жоспарлап жүріп, сол кісіні өзіме қаратып алдым. Басында тек ақша жағын ойладым, қара жұмыстан шаршаған едім. Бірақ, көп ұзамай қатты жақсы көріп, бауыр басып кеттім. Екеуіміз жасырын кездесіп жүрдік.

Жұмысыма сатушы алып, жұмысқа шығуды тоқтаттым. Бала көтеріп, қыз босандым. Ол түстен кейін үйіне асығып, кетіп қалатын. Мен не істесемде, әйелін жақсы көретін және ерекше сыйлайтын. Әрине, бұл жайтты менің ызамды келтіретін.

Бір күні әйелі біз туралы білді. Келіп шашымды жұлатын шығар деп едім, келмеді. Солай тағы біраз уақыт өтті. Мен екінші қызымды тудым. Менде бәрі бар болса да, бақытсыз едім. Ішімді өртейтіні, ерімнің бірінші отбасына деген махаббаты еді. Олар үшін бәрін істейтін, ал менің қыздарыма жақсы әке болды деп айта алмаймын.

Арада жанжал көбейіп кетті, сөйтіп ажырасайық деп қайырдым. Бауыр басып қалған соң қиналдым, сөйтіп арадан 3-4 ай өткен соң қыздарымды көруге келгенде жарасып алдым.

Уақыт зымырап өте берді. Он жылдан соң ұл таптым. Күйеуім бақытты еді. Иә, біз туралы ол кезде бәрі білетін және екінші әйелі етіп алған мені. Бірақ той-жиындарға үнемі бірінші әйелін ертіп жүреді.

Тағы бес жыл өтті. Сөйтіп, мен әйелімен кездесуге үйіне бардым. Оған дейін екеуіміз бір бірімізді Интернет арқылы бақылап жүрдік. Бірінші әйелін көрген кезден бастап түсіндім, не үшін ол махаббатқа, құрметке бөленіп жүргенін. Көрікті, инабатты, сыпайы, көркем келіншек екен. Сөйлеген сөздері, киінген стилі, отырып-тұрғаны өзіне жарасымды. Оның қасында мен ауылдан шыққан, маған ешкім өзін ұстауды үйретпеген, өзімді ұсқынсыз сезіндім. Иә, мен әлдеқайда жаспын, бірақ оның сұлулығы басқаша еді. Ішім оттай жанды, бірақ білдіртпедім.

"Не үшін келдің, сені күтпедім? Маған бәрібір. Сен әрқашан екінші болып қала бересің" - деді маған. Мен ашуға салындым, бірақ ол сабырмен мені шығарып салды.

Қазір күйеуіммен тұрып жатқанымызға жиырма жылдан асты. Ол баяғыдай жас емес, менің қасымда кәдімгі шалға айналды. Оның әйелі алпыстан асса да табиғатынан сұлу және әрдайым сабырлы. Осы қасиеттері үшін оны одан сайын жек көремін. Бірақ, өзімнің жеңілгенімді мойындағым келмейді.

Мен сабырсыздықпен талай ұрыстым, талай сыйым төгілді, бірақ өзімді ұстай алмаймын. Мен шынымен бақытсызбын, өйткені, біреудің бақытына қызыққаным дұрыс болмаған. Бірақ өміріме өкінбеймін. Тағыдырыма жазылғанын көріп жатырмын."

Күйеуімнің бірінші әйелін көре алмаймын

Кейіпкердің айтқан әңгімесі өте ұзақ болатын, сондықтан ары қарай өз ойыммен жалғастырсам. Қыз-келіншектердің қателесуі, екінші әйел немесе жай ғана ашына болу бала кезде орын алған жағдайларға да байланысты. Психологиялық тұрғыдан бала күнінде зардап шеккен қыздар өз отбасын құрудан қорқады. Солай біреудің бақытына қызығады.

Кейіпкер өскен отбасында әкесінің екінші отбасысы болған. Бала күнінен анасың көз жасын, мұңын көрген, талай рет ұрыс-керістің арасында өскен кішкентай қыз  өзіне былай деп сөз берген: "Мен ешқашан бірінші әйел болмаймын, өткені, бірінші емес екінші әйелін қаттырақ жақсы көреді екен ерлер". 12 жасынан бастап осы қағиданы ұстанып келген қыздың тағдыры кері қарай кете берген. Мектепте де, бойжеткенде де жақсы жігіт жолықпаған.

Мүмкін кейіпкер басқа отбасында өскенде, сүйіспеншілікті сезінгенде, әкесіне балаша еркелеп өскенде, оның тағдыры басқаша болар ма еді? Менің ойымша, ол дұрыс жолды таңдар еді.

Осы мақаланың баста мақсаты, сіздерге отбасындағы атмосфераның тәрбиеге, балаға әсерін көрсету. Егер біз балаларымызға жақсы өмірді көрсетсек, өзіміз бақытты өмірсүрсек, шынайылық пен отбасы дәстүрлерін ұстансақ, балаларымыз соны өз бойына сіңіріп өседі. Олардың бақыты бүгінгі күннен басталады. Өткеннің елесі келешекте қасымызда жүреді. Сондықтан өткен күндер шуақты болсын десек, бүгініміз жақсы өмір болсын.

Дүниедегі барша жан бақытты өмірсүруге лайық!

 

Сурет ашық ғаламтор желілерінен

Автор: Гульжан Реймбай 

Menu
×