Qazaqsha

Коллектор мені мазақ етті

Коллектор мені мазақ етті
Коллектор мені мазақ етті
17.11.2020, 05:37
Изменено: 13.04.2024, 23:51

Осы жыл көпшілікке аса ауыр жыл болып өтуде. Наурыз айынан бері көп оқиғалар орын алды. Қарапайым халық шырылдап, ауыр соққыны бірінші болып қабыл алады. Жақында ғана коллекторлар жайында шу шығып, халық мұңын айтып еді. Ал бүгін осы мақалада кейіпкеріміздің жан-айқайын баяндаймын.

Кейіпкердің әңгімесінен:

"Осы күнге дейін коллекторлар жайлы айтпай келдім, бірақ мұнысы шектен шықты. 2010 жылы құрбыма экспресс-кредит алып бердім. Сомасы екі жүз мың теңге еді. Келесі жылы тұрмысқа шықтым, балалы болдым. Тұрмыста алты жылдай болып, екі баламмен ажырасып кеттім. Әйел ешқашан жақсы өмірден ажыраспайды.

Әлі күнге дейін ата-анам көмектесіп келеді. Кіші ұлымда неврология жағынан инвалидтігі бар. 2017 жылдың соңы ма 2018-дің басында ма алғаш рет банктен хабарласты. Құрбымның кредитті төлемегенін білдім. Банк хабарласпаған соң уайымсыз жүрдім.

Бір қызығы сол банк арқылы бір жылдай айлық алып отырдым. Бірінші балам өскенде, жұмыс істедім. Сол кездері де банктен хабар келмеді. Коллекторлар мазаны қатты алатынын білеміз. Менің қолымда болса, бүгін-ақ төлеп тастар едім.

Бірнеше рет жұмысқа шығып көрдім, бірақ қандай күтуші біреудің инвалид баласына қарайды? Берер ақшам болса, ол да көп емес. Баланың мазасы қашты, сөйтіп, жұмысымды тастадым.

Қазір тәттілер пісіріп, кішігірім табысымды табамын. Ұлымның инвалидтік төлемін аламыз. Өзінің дәрі-дәрмегіне кетіп қалады. Әкем пәтердің арендасын төлейді, азық-түлікт әкеліп отырады. Біз бақыттымыз деп айта аламын. Барына шүкір. Өмірге тек позитивті қарап, бәрі әлі алда деген сеніммен өмірсүремін.

Осыдан 4-5 күн бұрын коллектор хабарласты.

- Бүгін әкелде, төлеп таста, - деп дөрекі сөйлеп тұр. - Балаңның аяқ-қолы жоқ па?

- Бар, - дедім.

- Онда неге инвалид дейсің?

- Неврология жағынан...

- Ә-ә, қойшы. Кімге өтірік айтып отырсың? Ондайды инвалид демейді. Шешеңе хабарластым сенен алдын, қызыммен араласпаймын, путана болып кеткен деп айтты, - деп жатыр мысқылдап күліп. Ызадан оған айқайлай бастадым.

- Ал онда қалай күн көріп жүрсің? Балаң инвалид, байың жоқ, жұмыс істемейсің. Сен сияқтылар тек өзін сата алады.

Ол менің кім екенімді қайдан біледі?! Алғаш рет біреу мені осылай қорлады. Басымнан қанша жағдай өтсе де, өмірден түңілмеуге тырысамын. Осы оқиғамды көпшілікке айтып бергім келеді. Мүмкін араңызда құқығымды қалай қорғауға болатыны жайлы кеңес беретін адам табылар".

Коллектор мені мазақ етті

Міне осындай хат келді маған. Кейіпкер кредитті бөліп төлеп тастағысы келетінін айтты, бірақ жұмысқа шыққан соң деп отыр. Коллекторлар қарапайым халықты қорламай, мәселені ақырын түсіндіріп үйренсе болар еді, өйткені, кредитті жаппай жүргендер, жай ғана ойнап жүрген жоқ. Бұл жер бетіндегі барша адамзатқа қиын кезең.

Бәріміз аман-сау болайық, отбасымыз тыныш болсын!

Фото: unsplash.com

 

Menu
×