Qazaqsha

Жастар мәселесі: Сөйлеуге қысыламын. Себебі неде?

Жастар мәселесі: Сөйлеуге қысыламын. Себебі неде?
Жастар мәселесі: Сөйлеуге қысыламын. Себебі неде?
14.07.2022, 08:43
Изменено: 17.04.2024, 19:51

Әлемдік психологтардың келтірген мәліметі бойынша,  жасөспірімдердің 95% көпшілік алдында сөйлеуден қысылады екен. Бір қызығы: өміріміздің 99% -ы коммуникациядан тұрса да, аталған көрсеткіш лажсыз таңғалдырады. Яғни бүгінде  көпшілік алдында сөз сөйлеуден қысылу әдепкі құбылысқа айналып бара жатқандай. 

 Pandaland редакциясы жасөспірімдерің неліктен сөйлеуден қысылатыны жайында психолог Анаргүл Мәулиқызынан сұрастырды. 

ҚР психологтар ассоциация мүшесі, отбасы психологы  Анаргүл Мәулиқызы:

Адамдармен тілдесуге деген  қорқыныш техниканың әсерінен күшейді. Киберкеңістікте жиі болып, желіні өзінің жалғыз серігі санайтын адам шынайы өмірді жалған өмірмен шатастырып жатады. Әлеуметтік желіде басқа адамдардың керемет өміріне куә болып, өзіне деген сенімсіздізгі ұлғаяды. Ал өзін керексіз санайтын жан көпшіліктің алдына шығудан жасқанады. «Дұрыс айта аламын ба, сөзім ұнамай қалса ше» деген ойлардың жетегіне еріп, ақыры жалған қорқыныштың құрбаны болады.

 Дегенмен тілдесуге деген қорқыныш тек желіге байланысты туындады деп айта алмаймыз. Оның себептері көп. Әр заманның өз талабы болатыны сияқты, өз кемшіліктері де болады. Бүгінгі ақпарат заманында мектеп қабырғасында болсын, үй жайында болсын сөйлеуге дағдыландыратын арнайы сабақтар өтілмейді. Осы мәселенің төңірегінде ата-ана тарапынан да, қажетті деңгейде кеңестер айтылмайды. Бірақ бұл әр жанды мазалатып тұрған өзекті мәселе. 

Сондықтан дұрыс сөйлеу, адамдармен қарым-қатынас  жайында  жазылатын кітаптар саны да көбейді. Дейл Карнегидің  «Дос табу және адамдарға ықпал ету өнері», «Адамдармен тілдесудің әдістері», Мэдсен Пири «Пікірталас өнері», Джеймс Боргтің «Сөйлей білу құпиясы» сынды кітаптары ең жиі оқылатын кітаптардың қатарында. 

Қазір сөйлеңіз! Немесе ешқашан

Сөйлей білудің де өз қағидалары мен заңдары болады. Осы заңдарды біз жиі бұзамыз. Ал ол бізге кері әсерін сөзсіз тигізеді,-

дейді Дейл Карнеги "Адамдармен тілдесудің әдістері" деген  кітабында.  

Көпшілік алдына шығып, пікір айтуға қысылатын адам, психолог Анаргүл Мәулиқызы айтқандай, жалған қорқыныштың құрбаны. Психологияда «шынайы қорқыныш» және «жалған қорқыныш» ұғымдары бар. Шынайы қорқыныш деп  – дәл сол сәтте болып жатқан көзге көрінетін жайттарды айтамыз. Ал жалған қорқыныш деп – адамның жалған ойларының әсерінен туындаған уайым мен сарсаңға алып келетін, ойда ғана жүзеге асатын қорқынышты айтамыз. Бұл қалай жүзеге асады? 

Сізге бір жиында шығып тілек айту керек болды. Ал сіз «қазір тосылып қалсам не болады, не айтамын. Жөнсіз сөйлеп қалмаймын ба, ұятқа қалсам қайтемін»- деген сияқты ойларды ғана ойлап тұрасыз. Сәйкесінше миыңыз сол ойларға сенеді де, денеге үрей мен қорқыныш инстинктін жібереді. Салдарынан адамда жайсыз күй пайда болады. Денесі қалтырайды, алақаны терлейді, сөйлеу барсында тамағы бітіп, даусы дірілдейді. Осы жағымсыз күйді  қайта басынан кешкісі келмеген жан көпшілік жүретін жерде болмауға тырысады, біртіндеп өзін қоғамнан шеттете береді. Түйін:  Адам алдында сөйлеуге деген қорқыныш осындай жалған ойлардың әсерінен ғана пайда болады. 

Психологтар ұсынған осы жайттың басқа тұсын қарастырып көрейік. «Бәрі жақсы болады, бұл тәжірибе, қазір немесе ешқашан» деген сияқты алдыға жылжуға сеп болатын сөздерді сыртқа шығарып айтуды ұсынады. Ойыңызда істің жақсы аяқталатын елестетіңіз, лайым ол міндетті түрде солай болады. 

 

Жастар мәселесі: Сөйлеуге қысыламын

Ойламаңыз, әрекет етіңіз

Жоғарыда талқыланған мәселені шешу жолында қызмет етіп жатқан бірнеше курстарың пайдасы жайында зерттеу жүргіздік:

  • «Ораторлық» қабілетке үйрететін айтулы курстар деп:Алмагүл Шабаеваның ( 2021 жылдың "үздік ораторы"), Жандарбек Бұлғақовтың  ("kz.orator" ортаторлық клубының негізін қалаушы), Қаракөз Амантайдың  ("Soft skills" дамыту орталығының негізін қалаушы-оратор) оқу курстарын айтуға болады. Алмагүл Шабеваның ораторлық курсын 100738 шәкірт оқыған. Курсты оқыған 80% адам "Өзіме деген сенімділік артып, қобалжымай сөйлеуді меңгердім» деп нәтиже көрсеткендерін айтты. 
  •   Айтыскер ақын «Сөз менеджменті» деген кітаптың авторы Жандарбек Бұлғақов: ("kz.orator" ортаторлық клубының негізін қалаушы): Сөйлей білу туралы оқу курсы жоба болмай тұрғанда, кездескен кісілерден болсын, инстагарамға хат жазушылардан болсын ең көп сұрайтыны  уайым мен қорқыныш жайлы болатын. АҚШ-тағы адамдардың бойындағы фобиялардан ең бірінші орында тұрғаны- көпшілік алдында сөйлеуден қорқу, ал екінші орында- өлімнен қорқу екен,- деген пікірімен бөлісті. Шынында  үрейлену кімді де болсын сергелдеңге түсіріп, қобалжуға алып келеді. Мұндағы ең басты фокус өзіңізді қалай ұстауыңызда болып тұр. Қобалжуыңыз сейілмесе, шынайы болыңыз. Қобалжып тұрғаныңызды бөлісіңіз, мұқым көпшілікте сіз сияқты адамдар. Өзіңіз де уайымдап тұрғаныңызбен бөліссеңіз- жеңілдейсіз. Өйткені сіздің не айтып тұрғаныңыздан гөрі өзіңізді қалай ұқстап тұрғаныңыз басты назарда болады.

  "Менің қолымнан келмейді", – деп шалағай ойлағаннан, байқап көрген бек артық. 

Мәуелі нәтиже  жылдаған еңбек пен ізденіс барысында келетінін ұмытпайық. Гректен шыққан дана шешен Демосфенде бастапқыда екі сөздің басын қоса алмаған. Жиында сөйлей қалса, тұтығып сөзі аяқсыз қалып отырған. Өзінің бұл кемшілігінен  жылдар бойы тыңғылықты дайындалу арқылы арылған. Сізде байқап көріңіз!

"Әр халықтың ұлттық кескін-келбетін, тағдыры мен тіршілігінің көркем шежіресі болып табылатын сөз өнері әрқашан өз орнында тапжылмайды, өзінің түбегейлі тарихи миссиясын атқару абыройында қала береді",-деп «сөз өнерін» егжей-тегжей зерттеген Зейнолла Қабдолов айтқандай, бүгінде «сөз өнері»  өз миссиясын атқарып жүргенін байқаймыз.

Халқымызда «жақсы сөз-жарым ырыс» деген сөз бар. Жақсы ойлаңыз, жақсы сөйлеңіз. Жақсы нәтижеге міндетті түрде, қол жеткізесіз!

Мақала авторы: Айғаным Ахунбай

 

Menu
×