Qazaqsha

Ажырасудан соң енемен қарым-қатынас

Ажырасудан соң енемен қарым-қатынас
Ажырасудан соң енемен қарым-қатынас
06.10.2020, 03:38
Изменено: 14.03.2024, 08:18

Тұрмыс құрғанда, әрбір келіншектің арманы барған жерінде судай сіңіп, тастай батып, жаңа отбасында қызындай болып кету. Көп жағдайда ер кісілер жұмсақтау келіп, келінмен оңай тіл табысып жатса, ене мен келін ұзақ бір-бірін зерттейтін кездер де болады.

Ертеңгі күнімізді алдын ала білмеген жақсы шығар, өйткені жұп мәңгілік бірге боламыз деп отбасын құрады. Бірақ тағдырдың жолдары мәңгілік бақытқа немесе тығырыққа тірейді. Соңында ажырасу орын алып жатады. Арада шырылдап бала қалуы мүмкін. Мұндайда екі отбасы ара-қатынасын болмағандай етіп үзіп тастай алмайды.

Сөйтіп ене мен келіннің жаңаша қарым-қатынасы басталады. Бұл кезде бір отбасы болған күндердің елесі қатты еліктіріп тұрады. Егер екеуінің сөзі жараспаған болса, үнсіз араласу болады. Үнсіз немерелерін алып кетіп тұрады.

Тек ортадағы балалардың бақыты үшін ғана емес, келіншек өз сый-құрметін сақтап қалу үшін де алыстан, бірақ жақсы аралсуы тиіс. Ажырасудан соң енемен араласудың екі нұсқасымен таныссақ.

Бірінші нұсқа

Қаншалықты реніш болса да, бәрін ұмытып, сыйласа білу өнер, өйткені бізге ене, басқаға ана. Біз өз анамызды құрметке бөленгенін қаласақ, солай басқалардың да анасына құрмет танытуымыз керек.

Өзіңізден аттап, жалынышты күй кешумен шатастырып алмаған жөн. Психикалық тұрғыда сау адамдар ешқашан бір-бірін балағаттап, артынан сөз ергізіп қоймайды. Барлық жайттың басын ашық әңгімемен ашып алуға болады. Және де соңы сыйластықпен араласуды екі жақ қалап, балаларды бақытты ету басты мақсат болу керек.

Жағдай шешілмейтін түйіндей болса, алыстан араласу қажет.

Екінші нұсқасы

Ажырасудан соң ене мен келіннің арасында ешқандай достық болмайды дегенге сенбеймін. Бұл жолы осы мақаланың авторы ретінде өз хикаямды қысқаша баяндаймын.

Біз бөлек отбасы болсақта, кейде енемді шайға шақырамын. Өз анашымды сыйлағандай ол кісіні де сыйлаймын, ыстық шайын беріп, әңгімесін тыңдаймын. Кейде телефон шалып, саулығын, көңіл-күйін сұрап тұрамын. Біздің достығымыз бір әулеттің маған деген көзқарасы өзгермей, әлі күнге дейін жылы лебізбен қабылдауының себебі.

Ананың басты мақсаты - балаларының бақыты. Ажырасқан соң әкесімен көрісіп тұру және де ол жақтан бұрыңғы енеден "қырық өтірікті" тыңдап, көңілдері бұзылмауы үшін ене мен келін тату болған абзал.

Мейірім мен сыйластық бақыттың кепілі. Ал ажырасу өмірдің соңғы станциясы емес. Әлі де алда жарық күндер көп.

Фото: pexels.com

Menu
×