Qazaqsha

Абысын тату болса ас көп

Абысын тату болса ас көп
Абысын тату болса ас көп
05.10.2020, 05:56
Изменено: 13.04.2024, 10:38

Асыл аналарымыз келін болуға азды-көпті дайындаса, абысын болуды ешкім үйретпейді. Ешқандай теория жоқ, барлығын бірден практикадан көресің. 

Менің екі абысыным бар. Жолдасым үш ағайындының ортаншысы.

Абысын тату болса ас көп

Үлкен және кіші абысынымызбен қарым қатынасымыз жақсы, шүкір. Бірақ бірінші күннен-ақ барлығы тамаша болды деп айта алмаймын. Қазіргі сыйластығымыз – ол дер кезінде кішіпейілдік көрсету, орынсыз сөйлемеу, бір-бірімізге жанашыр бола білудің нәтижесі деп білем. 

Бір әулет келіндерінің араз болуына не себеп деп ойлайсыз? Отбасы ұстанымы, ата-ана тәрбиесі, адамгершілік қасиетімізден басқа әр адамда мінез бар. Ал енді бір шаңырақта екі келін тұру – бұл үлкен сынақ.

  • “Сен осы тырнақтарыңмен қамыр илейсің ба?”
  • “Мен екі апта қатарынан үйді жалғыз жинадым, неге мен ғана жасауым керек” деген сияқты әңгімелер біраз болды.

Уақыт өте, қайын ағам мен абысыным бір жылда жер алып, үй тұрғызып бөлек шықты. Алыстан сыйлы боласың деген бекер айтылмаған. Бөлек тұра бастағаннан кейін, сағынады екенсің, іздейді екенсің. Басымнан өткен жағдай болған соң, айтарым – абысын тату болсын десеңіз, әр келіннің өз шаңырағында өмір сүруі. 

Өкінішке орай, бөлек тұрғанның өзінде абысындардың арасында түсінбестік болатынына да көзім жетті. Үлкен абысынымыз екеуміз балалы болдық. Аллаға шүкір екеумізге енеміз қолынан келгенше көмектесті. Шаруаларымыз болса, үлкен үйге кезек-кезек балапандарымызды қалдыратынбыз. Біраз уақыттан соң кіші қайнымыз отау құрды. Жас келінге қайта-қайта келіп жүрген бала бақша ұнамады. Тіпті артық сөздер естіген кездер де болды. Ашығын айтқанда, ренжідік. Мамамызды үйімізге шақыра бастадық, сол абзал болады деп шештік. Кіші абысын уақыт келе, балалары көбейе өзі де көп нәрсені түсінер. Аллаға шүкір, балаларымыз өзара тату. Үлкен абысынызбен кейде “3-4 сағаттық шаруа болса, маған-ақ қалдыр, қарап берем, өздерімен ойнап отыра береді” деп келісіп жатамыз. 

Жұбайыммен отау құрғаныма он жылдан асты. Осы он жылда әулетімізде түрлі жағдайларды бастан кешірдік. Өмір болған соң қуаныш та бар, қайғы да бар. Бірақ бір маңызды нәрсеге көзім жетті. Қандай жағдай болмасын қасыңыздан бауырыңыз табылады. Бауырларыңды тастап ешқайда бармайсың. Мен тұрмысқа шыққанда, менің жасауыма әке-шешемнің бауырлары ат салысқан. Ертен қайын ағамнын қызы ұзатылып, ұлы уйленгенде, біз жолдасымызбен барынша көмектесеміз. Олардың біздің балалар үшін көмектерін аямайтынына мен де сенімдімін. 

Қазақта «Абысын тату болса, ас көп, ағайын тату болса ат көп» дейді.

Абысын тату болса ас көп

Сол ағайындардың тату болуы көбіне әйелдерге байланысты. Жас келіндерге алтын сырға.

 Фото: unsplash.com

Популярные статьи и новости

Menu
×